Басты Жаңалықтар Самара маңындағы жол апатынан екі қазақстандық қаза тауып, 7-уі зардап шекті

Самара маңындағы жол апатынан екі қазақстандық қаза тауып, 7-уі зардап шекті

Ресейдің Самара облысындағы жол апатынан зардап шеккен жеті отандасымыздың жағдайы әлі де ауыр. Жол апаты «Самара – Большая Черниговка» тасжолында болған. Қазақстандық тіркеудегі екі жеңіл көлік соқтығысып, оқиға орнында 31 жастағы жүргізуші мен 9 жасар бала қаза тапты. Бүгін таңда апаттан зардап шеккен жеті азамат пен екі адамның денесі Оралға жеткізілді. Қазір екі бала - облыстық балалар ауруханасында, ал бес адам қалалық ауруханада ем алып жатыр. Алты және 15 жастағы қыз балалардың жағдайы ауыр. Миы шайқалып, сан сүйегі сынған.

Диас Жайлаубайұлы, Орал қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:

Бір науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы ауыр, бірақ қалыпты болып саналады. Екі науқас политравма бөлімшесіне әртүрлі сүйек жарақаттарымен жатқызылды. Жағдайлары орташа ауырлықта. Тағы бір науқас нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Жабық бас ми жарақатымен. Жағдайы орташа ауырлықта.

Зардап шеккендерді елге эвакуациялауды Төтенше жағдайлар министрлігі ұйымдастырды. Самара аудандық ауруханаларында жатқан отандастарымызға психологтар шұғыл көмек көрсетті. Қайтар жолда науқастар травматолог, хирург, нейрохирург, реаниматолог, фельдшер мамандардың тұрақты бақылауында болды.

Нұржан Төлеуіш, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

Бұл операцияға Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 23 адам мен 8 бірлік техника жұмылдырылды. Автоколоннаны Орал қаласынан шекара өткеліне дейін және қарсы бағытта алып жүру үшін облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, азаматтарға жолда сақтық пен мұқият болу маңыздылығын еске салады.

Ардақ Мұратқызы


Бөлісу