Елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, бәрін жүзеге асыруға ниеттімін. Мемлекет басшысы елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді деген қауесетке осылай деп жауап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының құпиясы толық ашылды ма деген сауалға да өз ойын білдіріп, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі тиіс деді. Қазақстан парламенттік басқару жүйесіне көше ме? Қазіргі және бұрынғы президенттердің қарым-қатынасы қандай? Доллар бағамы мен су тасқыны және маңызды реформалар. Көлемді сұхбаттағы негізгі ойларға Шерхан Жамбылұлы тоқталады.
Жыл басында басылымға сұхбат беру дәстүрге айналғандай. Былтыр «Егемен Қазақстан», биыл «Ана тілі» газеті. Атқарылған жұмыс түйінделіп, алдағы жоспар айтылды. Көктемде болған алапат тасқын еліміз үшін үлкен сынақ болды деді Президент. Дегенмен, қысқа мерзімде апаттың салдары жойылды. Ал, 2026 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруы мүмкін бе. Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау өте ме? Әлеуметтік желіде тараған қауесетке мемлекет басшысы қысқа қайырып, жауап қайтарды.
«Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін».
Жыл аяғында доллар 500-ден асып, нарық құбылды. Президент төл теңгенің тұрақсыздығына қатысты да пікірін айтты. Сала басшыларының жұмысына баға берді.
«Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет».
Қаңтар оқиғасынан бері 3 жыл өтті. Оның құпиясы толық ашылды ма? Президенттің сөзінше саяси есебі бар кейбір адамдар әлі де деректерді бұрмалап, өз пайдасына бұруға тырысатын көрінеді.
«Қаңтардағы оқиғадан бәріміздің зор сабақ алғанымыз сөзсіз. Біріншіден, елдегі билік жұдырықтай жұмыла білуге тиіс, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі қажет. Екіншіден, Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек».
Сұхбат барысында журналист Ерлан Жүніс Мемлекет басшысына Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы мен оның тарихтағы рөлі туралы сұрақ қойды?
«Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады».
Бұдан бөлек Президент еліміздегі негізгі саяси реформалардың жасалып біткенін мәлімдеді. Қазақстан парламенттік басқару жүйесіне дайындалып жатыр ма деген сауалға былай деп жауап қатты.
«Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім. Мұндай шешімдер үркердей топтың оңаша басқосуында емес, тек қана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы керек. Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы тұжырымдама екеніне сенімдімін. Бірақ оны толығымен жүзеге асыру үшін біз әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін».
Ал, елімізде мерзімінен бұрын парламент сайлауы өте ме? Қоғам арасындағы осы әңгімеге де нүкте қойылды.
«Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр. Стратегиялық міндет – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту».
Президент өз сөзінде қазақ тілінің рөлі одан әрі арта түсуі үшін шығармашыл жастар мен креативті индустрияға барынша қолдау көрсетілетінін айтты.
«Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды».
Сұхбат барысында ішкі, сыртқы саясат пен халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас сөз болды. Жасанды интеллект, бизнес, жемқорлықпен күрес сынды тақырыптар да қозғалды. Сөз соңында мемлекет басшысы сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деп атап өтті.
Шерхан Жамбылұлы
