Елімізде жаңа жыл қарсаңында демалыс күндері де тынымсыз жұмысын істейтін мамандық түрлері көп. Солардың қатарында медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшылары, коммуналдық қызмет өкілдері бар. Ал Түркістан облысының тазалық қызметкерлері көшелер мен демалыс орындарын ретке келтіріп, халықтың емін-еркін серуендеуіне жағдай жасауда.
Темірлан ауылының тазалық қызметкері Әсем Әріпбайдың жұмысы таңғы жетіден басталады. Ол Ордабасы ауданындағы коммуналдық мекемеде 27 жылдан бері жұмыс істейді. Алпысты алқымдаған ананың аптасына 6 күн сыпырғышы қолынан түспейді. Зейнеткерлікке шыққанына қарамастан қимыл-қозғалысы ширақ, еңбектен қашпайды.
Әсем Әріпбай, тазалық қызметкері:
Қыстың күні қалың қар түскенде мынау ер азаматтың жұмысы демейміз. Бәріміз қолымызға күрегімізді ұстап, қардан тазалаймыз. Азанда осы тұрғындар еркін жүрсін, біреуі құлап жатпасын деп тазалауға әрекет жасаймыз.
Бүгінде Темірлан ауылының тазалығын қамтамасыз етуге сексенге тарта жұмысшы жұмылған. Қыс мезгілінде мұзды ойып, қар күрейтін олар жазда ағаштарды әктеп, айналаны тазартып жүреді.
Бахтияр Әлішеров, жұмысшы:
Жұмысқа шығыңдар дейді, шыға береміз. Жауын-шашын, не бола ма шыға береміз. Кез келген уақытта шыға береміз. Әйел кісілер де жұмыс істейді. Пенсияға шыққан әйелдер де жұмыс істейді. Олардың алдында біз шаршадық деуге де ұяламыз.
Қысты күні энергиямен жабдықтаушылардың да жұмысы қауырт. Жаңа жылдық шыршаларды жарықшамдармен безендіріп, орталық алаңда жұмыстарын атқарып жүр. Мерекелік іс-шаралар өтетін орын қазір түрленіп, жасыл шырша да ерекше көрік беріп тұр.
Қайрош Смайыл, энергетик:
Жел тұрады, қар жауады, жауын жауады. Біз шығамыз. Бұзылған жерін жөндеп, елге, халыққа, көшеге свет береміз. Өйткені қараңғы болса, оқушылар тайғанап құлап, қараңғы жерді көрмей қалады.
Қарапайым еңбек адамдарының жұмысы қашанда құрмет көрсетуге тұрарлық. Себебі оны атқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ерекше төзімділік пен сабырлық керек. Еңбектен қашпаған жандар ғана айналаны тазартып, халықтың жақсы өмір сүруіне жағдай жасай алады.
Айнұр Әбілқасымқызы
