Мемлекеттік наградаларға тағы 9 құрметті атақ қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік наградаларға тағы 9 құрметті атақ қосылды

30.12.2024

Мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды, деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram-дағы парақшасында.

«Енді ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, сәулетшілерге және құрылысшыларға, кеншілер мен шахтерлерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл және су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне берілетін құрметті атақтар қосылды. Қажырлы еңбектің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді және еңбек адамның беделін одан әрі көтеруге септігін тигізеді. Бұл заңға Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған жаңа 2025 жылдың қарсаңында қол қойылуының символдық мәні бар», деп жазды.

Сондай-ақ, ел Президенті Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарды дәріптеу қажет екенін үнемі айтып жүр деді. Бүгінде елімізде жұмысшы мамандықтардың мәртебесі біртіндеп артып келеді. Мәселен, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп жатыр. Сондай-ақ өндіріс озаттары мен еңбек династияларының өкілдеріне мемлекеттік наградалар беріле бастады. Кәсіби мерекелер де кеңінен тойланып жүр деп атап өтті.


Хабарламаларға жазылу