Түркістан облысында 5 мыңнан аса отбасы баспана кезегінде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 5 мыңнан аса отбасы баспана кезегінде тұр

30.12.2024

Елімізде халық саны тығыз орналасқан Түркістан облысында 5 мыңнан аса отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың басым көпшілігі - ауыл тұрғындары. Өзекті мәселені шешу үшін биылдан бастап шалғай аудан мен ауылдардан тұрғын үйлер салына бастады. Ал мереке қарсаңында жаңа баспана Ордабасы, Созақ, Шардара ауданы мен Кентау қаласында тапсырылды.

Темірлан ауылының тұрғыны Қарлығаш Игібаева көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тіркелген. Алты баланы өмірге әкелген келіншек қазір отбасымен туыстарының үйін паналап отыр. Үй иелері қайта көшіп келсе, пәтер жалдауға тура келеді. Ал көпбалалы отбасыға пәтер табу қиын.

 Қарлығаш Игібаева, көпбалалы ана:

Бір жолдасымның айлығымен үй де ала алмаймыз. Үй де сала алмаймыз.

Қазір Ордабасы ауданында 223 тұрғын баспана кезегінде тұр. Жуырда соның 12-не жаңа үйдің кілті табысталды. Су жаңа баспананың бірі сегіз баланың анасы Бағила Татаеваға берілді. Алтын алқасы бар ана жылдар бойы пәтер жалдап, күнелткенін айтады. Көшіп қонудың азабын тартқан отбасы мүшелері көп қиыншылықты да бастан өткізген. Ақыры жаңа баспанаға қол жеткізді.

Бағила Татаева, көпбалалы ана:

Әйтеуір қиналып, жұмыс істеп, бала-шағамды өсірдім. Елу мың квартираға төлейміз. Жаңа жылға күшті сыйлық болды. Көшіп келеміз.

Ал шалғай орналасқан Созақ ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы 48 отбасы баспаналы болып, оларға жаңа пәтердің кілті табысталды. Жаңа баспаналар су және жылу жүйелерімен қамтылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.

Бекзат Нарботаев, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

Түнде үй беріліп жатыр деп хабар келді. Қуанышымызда шек жоқ.

Жаңа баспана Шардара мен Кентау қалаларының тұрғындарына да салтанатты түрде тапсырылды. Сонымен қатар өңірде бірқатар аудан-қалаларда арендалық және ипотекалық үйлер салынуда.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу