«Қазмұнайгаз» «Jaiyq арена» спорт кешенін салып берді
Оралда «Jaiyq Arena» көпфункционалды спорт кешені ашылды. Заманауи нысанды Президент тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы салып бітірді. Мұнда өскелең ұрпақтың спортпен жан-жақты айналысып, жоғары жетістіктерге жетуіне барлық жағдай жасалған.
Ел игілігіне берілген еңселі ғимарат сән-сәулетімен де, мән-мазмұнымен көз тартады.
Аумағы – 20 мың шаршы метр. Бір ауысымда 300 адамға қызмет көрсетіледі. Ашылған күннен болашақ чемпиондар жаттығып жүр.
Абзал Маратов, футзал тобының ойыншысы:
Біз футзалмен айналысамыз. «Жайық Арена» спорт кешенінің ашылуы біз үшін тағы бір алға жасаған қадам деп санаймын. Осы залға келгенімізге өте қатты қуаныштымыз.
Кешенде 17 спорт түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Әсіресе тереңдігі 25 метрлік алты жолақты бассейн аймақ түгілі, елімізде ілеуде біреу. Бокс, күрес, үстел теннисі, садақ ату, фитнес, шағын футбол, волейбол, баскетболға арналған залдар бар. Ең басты ерекшелігі – жеңіл атлетикаға арналған арена. Трибунасы 1200 орынға лайықталған. Мұндағы жарыстар лэд экраннан тікелей көрсетіледі.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
Мынадай манежді арена жеңіл атлетикаға үш қатармен, өздерінің арнайы технологиясымен салынған. Және спорттық құрал-жабдықтар, мұның бәрі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен салынған. Керемет нысан. Осындай кешеннің ашылуымен барша Ақжайық халқын құттықтаймыз!
Биыл олимпиадалық спорт түріне енген скалодром бұған дейін тек Алматыда ғана болған еді. Енді оралдық спортшылар да олжалы болды. Құрылғы халықаралық талаптарға сай салынған.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
Спорттың тарихына қарай, өңірлердегі инфрақұрылымға қарай біз басым спорт түрлерін анықтаймыз. Мұндай үлкен ғимараттар тек жаттығу процестері емес, республикалық, халықаралық жарыстар өткізуге де өз септігін тигізеді. Ал халықаралық жарыстар өтіп, әлемнің, еліміздің мықты, беделді спортшылары келіп жатса, ол да жастарымызға үлкен үлгі.
Жобаның жалпы құны – 19,9 млрд теңге. Кешен жыл жарым уақыттың ішінде салынып бітті. Аренада қазір 150 адам еңбек етеді.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы