Авиация саласында мамандар тапшы. Қазір елімізде 2 мыңға жуық ұшқыш бар. Оның төрттен бірі – шетелдіктер. Одан бөлек, инженерлік-техникалық қызметкерлер де жетіспейді. Бүгін сенатор Нұртөре Жүсіп Алматыдағы Авиация академиясының жұмысымен танысып, білім беру саласындағы мәселелерін тыңдады. Кездесуде оқыту ісіне жаңа әдістерді енгізу, сала мамандарын шетелде тағылымдамадан өткізу жайы талқыланды. Оқу ордасы білікті кадрлардың санын арттыру үшін келесі жылы Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық агенттіктің сертификатын алмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта сабақтың 85 пайызын ағылшын тілінде өткізуді жоспарлап отыр. Депутат - білімгерлердің тек теориялық-практикалық жетілуіне ғана емес, олардың моральдық-психологиялық дайындығына көңіл бөлудің маңызды екенін атап өтті.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қазіргі авиацияның дамуы өте қарқынды жүріп жатыр. Жәй ғана супер ұшақтар ғана келіп жатқан жоқ, сол ұшақтарды басқаратын ұшқыштардың кәсібилігіне көп нәрсе байланысты. Және пилотсыз ұшатын құрылғылар да көбейді. Халықаралық ауылшаруашылық саласында қазір көп жұмыс жасалып жатыр. Халыққа қызмет көрсету саласында да олардың саны артуы мүмкін.
Ернұр Медет