Оралда құрылысы мерзімінен кешіккен тасжол қолданысқа берілді
Батыс Қазақстан облысында созбалаңға салынған «Барбастау-Ақжайық-Индер» тасжолы қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді. Мерзімінен кешіккен құрылысқа қаржының тиімді жұмсалуын сыбайлас жемқорлық қызметі қадағалады. Тасжолдың 50 шақырымдық бөлігі былтыр бітуі керек еді. Оған қаражаттың кеш түсуі мен тапсырылған жолды су басып, топырақтың опырылуы себеп болған. Жоба құны – 8,3 млрд теңге.
Бекжан Тоқжанов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Су тасқынына байланысты жолдың жер төсемі ылғалданып, мердігер мекеменің жүк көліктері материал тасу себебінен асфальт бетонның астыңғы қабатында кемшіліктер анықталды. Мердігер мекемеге тапсырма бердік. Олар өз қаражатына бүкіл кемшілік, ақауларды қалпына келтірді.
Облыстық маңыздағы тасжолдың жалпы ұзындығы – 307 шақырым. Ақжайық ауылынан Шағатайға дейінгі бөлігі жөнделіп, тегістелді. Енді келер жылы қалған бөлігі күрделі жөндеуден өтеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері осындай проблемалы 7 нысанды бақылауға алған. Биыл солардың төртеуі қолданысқа берілді.
Біржан Хайруллин, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстағы барлық автокөлік жолдарының сапалы салынуын бақылауға алды. Қазіргі таңда біздің қызметтің сүйемелдеуімен 18 жол құрылысы аяқталды. Одан бөлек басқа жолдар бойынша да мерзімді аяқталуын немесе кемшіліктерді жою жөнінде тапсырыс берушілермен мердігерлерге қатысты шараларды қолданудамыз.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
