Апаттан көз жұмған ұшқыш екі айдан кейін зейнетке шығуы керек еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Апаттан көз жұмған ұшқыш екі айдан кейін зейнетке шығуы керек еді

28.12.2024

Бәрі жақсы болады... Осылай деп ұшақ бортында үрейленген 60-тан астам жолаушыға үміт сыйлап, соңғы демі таусылғанша жолаушыларға қолдау білдіріп, ерлік жасаған бортсерік Хокума Алиева мамандығын ауыстырғалы жүрген.

Марқұмның анасы Кямаля Алиеваның айтуынша, Баку-Грозный рейсі Хокуманың соңғы рейстерінің бірі болған. Одан кейін ол дәл осы компанияда заңгер қызметіне ауыспақ болды дейді. Әкесінің сөзінше, қызы Баку мемлекеттік университетінің заң факультетіне 612 ұпай жинап, оқуға түскен. Содан кейін магистратура мен докторантураны тәмамдаған. 2016 жылдан бастап стюардесса қызметінде болған. 33 жастағы бортсерік өте мейірімді әрі алға қойған мақсаты нық адам еді.

Кямаля Алиева, Хокуме Алиеваның анасы:

Ол өте мейірімді болды. Көп елге барды. Әрқашан «мені мақтан тұтыңыздар» дейтін. Бір сапарынан қайтып келе жатып, ұшақтың апатқа ұшырай жаздағанын айтқан еді. Бірақ бұл жолы шынымен апат болып, қызым аман қалмады...

Ондаған жолаушының өмірін аман алып қалған әуе кемесінің капитаны Игорь Кшняки көп жылдық тәжірибесі бар маман. Әуеде 15 мың сағаттан астам ұшқан. Оның ішінде 11 200 сағат – капитан лауазымында. Апаттан көз жұмған ұшқыш екі айдан кейін зейнетке шығуы керек еді. Көршілері, таныстары, онымен бір қалада тұратын азаматтар қаралы хабарды естіп, ұшқыштың үйінің алдына гүл шоқтарын қойды. Рухына тағзым етіп, еске алды.

Бахтияр Юнисов, Игорь Кшнякидің көршісі:

Жақсы адам болғаны сонша, күнде амандасатынбыз. Ол өз жұмысын өте жақсы көретін. Өте мейірімді еді. Жаңалықты естігенде, төбемнен жәй түскендей болды. Әлі сене алар емеспін.

Айта кетейік, Бакуден Грозныйға бет алған «Әзербайжан әуе бағыттары» компаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңына құлап түсті. Бортта 42 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 Ресей азаматы болған. Барлығы 38 адам қаза тапты. Ұшқыштардың ерлігінің арқасында 29 жолаушы аман қалды.

Динара Жарқынбек


Хабарламаларға жазылу