Алматыда «Алашорда ісі. 1920–1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты жинақтың таныстырылымы өтті. 12 томнан тұратын тарихи туынды нақты дәлел мен дәйекке негізделген. Бұған Бас Прокуратураның, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік архивтерінде құпия сақталып келген ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге қатысты деректер енгізілді. Олардың қатарында бұрын-соңды жарияланбаған 3000-нан астам құжат пен фотосурет бар. Оны дайындауға 30-дан астам тарихшы, архивші және археограф атсалысқан. Ал зерттеу жұмыстарына академик Мәмбет Қойгелді жетекшілік етті. «Бұл кітап халқымыздың тарихындағы ақтаңдақтарды ашып, оның көлеңкелі тұстарын айқындауға мол мүмкіндік береді», - дейді ғалымдар.
Мәмбет Қойгелді, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
Бұл 12 томдық – халықтың бір ғасырға жуық күткен тарихи шындығы. Алаш деп аталған қозғалыс осы уақытқа дейін, әсіресе, советтік әдебиетте тек қана зиялылар қозғалысы ретінде айтылып келді. Бұл шындықты бұрмалау болатын. Ал шын мәнінде Алаш қозғалысы бұл – қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы. Ол қозғалысқа қоғамның, ұлттың барлық әлеуметтік топтары атсалысты. Олардың ортақ мақсаты болды.
Ернұр Медет
