Кремний алқабындағы Жібек жолы инновациялық хабы. АҚШ-тың Сан-Франсиско қаласында қазақ және өзбек азаматтары құрған Silkroad Innovation Hub-ы бір жылдан аса жұмыс істеп тұр.
Осы аралықта орталық ондаған қазақстандық және Орталық Еуразия елдерінің стартап жобаларына бірнеше миллион доллар қаржы тартып, жүзеге асуына себеп болған. Хабдың жұмысымен танысып келген АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы.
Инновациялық хаб ашылғалы есігі жабылған емес. Күн құрғатпай мұнда түрлі шара өтеді. Бүгін де хабтың негізін қалаушы қазақстандық Әсет Абдуалиев пен өзбекстан азаматы Асрор Арабжанов стартап иелеріне жобаларын қалай жетілдіріп, инвесторларға қалай таныстыру қажетін түсіндіріп жатыр.
Жалпы, орталық бір жарым жылдың ішінде үш жүзден аса кездесу өткізіп, мыңдаған талант иесіне кеңес берген. Осылайша, хаб мұхит асып арман қуып келген жастарға өзара байланыс орнату, идея алмасу және жобаларын жүзеге асыру үшін таптырмас орын болып отыр.
Әсет Абдуалиев, Silkroad Innovation Hub орталығының негізін қалаушы:
Қазіргі кезде біздің хабымызда сексеннен аса стартап резидентіміз бар. Олар қазірдің өзінде отар отыз млн доллардан аса венчурлық инвестиция тартты. Сол стартаптардың жартысынан астамы Қазақстаннан келіп отыр.
Яғни, америкалық инвесторлар Қазақстан және Орта Азия елдерінен шыққан талан иелерінің жобаларына миллиондаған доллар қаржы құя бастады. Әрі хабтың арқасында аймақ елдерінің стартап иелері үшін де әйгілі Кремний алқабы қол жетімді алаңға айналды.
Асрор Арабджанов, Silkroad Innovation Hub орталығының негізін қалаушы:
Біздің орталық талантты адамдарды венчур инвесторлармен байланыстыратын көпір болып отыр. Қазір біздің стартаперлер Кремний алқабы алынбас асу, орындалмас арман емес екенін түсінді. Олар осында келіп, өзі секілді таланттардың жетістігін көріп, сенімі күшейеді. Бұл жерде он, жиырма млн доллар қаржы тартқан жобалар бар.
Хаб биыл Кремний алқабында тұңғыш рет технологиялық конференция өткізіп, Орталық Еуразия аймағының IT стартаптарын әлемдік инвесторларға арнайы таныстырды. Әсет пен Асрор мұнымен шектеліп қалмай келер жылы Қазақстандық инвесторларды осы алқапқа тартпақ, сондай-ақ, стартаптарды қолдаумен айналысатын венчурлық қор құруды көздеп отыр.
Жалғас Сәдібекұлы