Газиантеп – шеберлер шаһары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газиантеп – шеберлер шаһары

23.12.2024

Былтырғы алапат жер сілкінісі кезінде Түркияның оңтүстік шығысында оннан аса ірі қала зардап шекті. Солардың бірі – Газиантеп. Бүгінде бұл қаланың тұрғындары зілзаладан кейін ес жиып, қалыпты өміріне қайта оралды. Тарихының тамыры сонау антикалық дәуірге барып тірелетін қала – ежелден саудагерлер мен шеберлер шаһары. Көне қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы баяндайды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Көне қала Газиантеп – сан ғасырдан бергі қолөнершілер қаласы. Дегенмен кейінгі жылдары мұндай қолөлнермен айналысатындар саны азайып келеді. Дәл қазір біз Газиантеп қаласында атадан балаға жалғасқан осы қолөнерді жалғастырып келе жатқан Сабахаттин ақсақалдың шеберханасына келдік.

Сабахаттин ақсақалдың жасы жетпіс бесте. 10 жасымнан бері әкемнің жанында жүріп, осы ұсталықты меңгердім, - дейді. Қазір Газиантептегі ең танымал шеберлердің бірі. Темір мен жезден түрлі ыдыстар мен кәдесыйлар жасайды.

Сабахаттин Жыда, темір ұстасы:

Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде әкем мені осы шеберханаға алып келді. Әкемнің жанында көмекші болып бастадым. Содан бері алпыс жылдан асты осы іспен шұғылданып келемін. Аптасына алты күн осы жерде жұмыс істеймін. Екі жыл әскерге барып келдім, қалған өмірім осы шеберханада өтті дей аламын.

Дегенмен кейінгі жылдары темір ұстасы болғысы келетін адам жоқтың қасы, - дейді шебер. Жастардың көбі жеңіл жұмысқа қашып, қолөнермен айналысқысы келмейді екен.

Сабахаттин Жыда, темір ұстасы:

Ең өкініштісі қазір бұл іспен айналысатын жастар жоқ. Мен қатарлы бірнеше адам ғана қалды. Бұрын осы шеберханада он кісі қатар тұрып жұмыс істейтінбіз. Ал қазіргі жастардың есіл дерті телефонда. Бір ауыз сөз айтсаң көтере алмайды. Ешкім жұмыс істегісі келмейді. Бірнеше жылдан кейін қолөнершілік кәсібі өледі деп ойлаймын.

16 жастағы Мұратжан – Сабахаттин ақсақалдың немересі. Мектептен бос күндері ұстаның шеберханасына келіп, темірден түйін түйген атасына көмектеседі. Болашақта әлемге танымал темір ұстасы болғысы келеді.

Мұратжан Жыда, шәкірті:

Демалыс күндері Сабахаттин атама көмектесіп, ұсталықты меңгеріп жүрмін. Өзіме темірмен жұмыс істеген ұнайды. Әзірге тек ұсақ-түйек заттар жасап жүрмін. Болашақта мықты ұста болып, ерекше дүниелер жасағым келеді.

Сабахаттин ұстаның жасаған заттары тек осы өңірде ғана емес, Түркияның басқа қалаларында да танымал. Германияда тұратын Хасан әр келгенде белгілі шебердің ұстаханасына бір соғып кетеді екен.

Хасан Түркмендағы, Германияда тұратын түрік:

Біздің бала күнімізде осы көшенің бойында балға мен төстің дауысынан құлақ тұнатын. Әр бұрышта бір шебер темір илеп жататын. Қазір өкінішке қарай, некен-саяқ. Өзім 26 жыл Германияда тұрсам да, жыл сайын осында келгенде таныстарыма беру үшін бір кәдесый міндетті түрде алып кетем.

Өткен жылғы жер сілкінісінде Газиантепте үш мыңнан аса ғимарат жермен жексен болып, 4 мыңдай адам көз жұмған еді. Арада екі жылға жуық уақыт өтсе де алапат зілзаланың зардаптары әлі де сезіледі. Дегенмен жергілікті тұрғындар ол апаттан соң естерін жинап, бүгінде үйреншікті өмірлеріне қайта оралған. Солардың бірі – Сабахаттин шебер, ол атадан балаға мирас болған ұсталықты әлі күнге жалғастырып келеді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу