Түркістан шаһары несімен ерекше? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан шаһары несімен ерекше?

19.06.2018

Елбасы Жарлығымен Түркістан шаһары Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып бекіді. Бүгінде 161 мың халқы бар қала туристік әлеуетімен және қарқынды дамып келе жатқан кәсіпкерлік саласымен ерекшеленеді. Орталық мәртебесіне ие болған шаһар енді мемлекеттік қолдаудың арқасында келешекте тек руханияттың орталығы ғана емес, экономикалық әлеуеті мықты, сәулеті ерек ірі шаһарлардың біріне айналғалы отыр.

Түркістан осыдан 550 жыл бұрын ту көтерген Қазақ хандығының саяси елордасы болған жер. Хандықтың іргетасы қаланғаннан бастап үш ғасыр бойына қазақтың талай игі жақсысы осында отырып, қарамағындағыларға билік жүргізді. Сол кезеңдерде жауға қарсы қол бастаған, елге төрелік айтқан 167 хан мен батырдың, би-шешеннің мәңгілік мекен тапқан жері.

Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қаласының Құрметті азаматы:

- Дұрыс таңдау болған деп ойлаймын. Біздегі ата-бабадан қалған сал-дәстүр, мықты хандарымыз, билеріміз осында жатыр. Бұл жерді өсіріп-өркендету  бүкіл республикамызға пайдасын тигізеді, бүкіл қазақ елі өркендейді.

Көпшілік облыс орталығын Түркістанға көшіру санаға сілкініс туғызып, отаншылдық сезімді тереңдететін тың бастама деп есептейді. Енді шаһар туристік әлеуетімен Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекеге түсе алатын мүмкіндікке ие болады. Түрік әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп, мәртебесін асқақтатады

Жарқынбек Құлбәйімбетов, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Қазақта «Елге ел қосылса – құт», - дейді. Бізге облыс бойынша қанша мекеме келсе, қанша құрылыс қосылса, Түркістан үшін бұл үлкен қуаныш, үлкен бақыт.

Түркістан бүгінде ғылым-білімнің де орталығы. Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген халықаралық қазақ-түрік университетінде әлемнің 15 мемлекетінен 7 мың студент білім алуда.

Бақытжан Мұхамеджанов, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ вице-президенті:

- Мемлекет  200 грант бөледі. Жылда түркітілдес мемлекеттердің студенттері осында білім алады. 1998 жылдан бері 20 жылдың ішінде 6 мыңға жуық студент оқу бітіріп, түркі дүниесі үшін қызмет атқарып жүр.

Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм. Осы үш сала бүгінде Түркістанның дамуына  ерекше ықпал етіп тұрған негізгі бағыттар. Қазына кірісінің 47 пайызы  сауда-саттық, Халыққа қызмет көрсету мен өндірістен түседі. Ауыл шаруашылығы да сол көлемде пайда әкеледі. Шаһарда 12 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу