БАҚ саласындағы ынтымақтастық артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БАҚ саласындағы ынтымақтастық артады

21.12.2024

Жалған ақпарат таратумен күрес, БАҚ саласындағы ынтымақтастықты арттыру. Осы мәселелер Ташкентте өткен түркі тілдес елдердің медиа форумында айтылды. Форум аясында бірлескен медиажобаларды интеграциялаудың маңыздылығы сөз болды.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

Өзбек тарапымен және басқа елдермен ортақ медиа платформаны әзірлеп жатырмыз, оның негізінде нақты шынайы ақпарат орналастырып, ол барлық елдердегі БАҚ алаңдарында таратылатын болады, ең басты құрал шынайы ақпарат тарату және дер кезінде жалған ақпарды жоққа шығару болмақ.

Тамызда Өзбекстан Президентінің Қазақстанға сапары кезінде екі елдің ақпарат саласындағы ынтымақтастығы туралы бірлескен мәлімдеме жасалды. Жоспар бойынша медиаконтент алмасуды ұйымдастыру, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру, жас журналистерді қолдау мен жалған ақпарат таратуға қарсы бірлесе күресу қарастырылған. Осы ретте еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстан Президенті жанындағы ақпарат және коммуникация агенттігі келер жылға арналған өзара іс-қимыл жоспарын бекітті. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына бағытталған баспасөз турларын ұйымдастыруға уағдаласты.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу