Жастар өзара білім алмасуға Ташкентке барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар өзара білім алмасуға Ташкентке барды

20.12.2024

Ташкенттегі мемлекеттік тіл және әдебиет университеті Қазақстанның бірнеше ЖОО-мен ынтымақтастық бойынша келісім жасасқан. Яғни серіктес білім ордаларының жастары өзара білім, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Қазір аталған оқу орнында Семейдегі Шәкәрім университетінің 7 студенті білім алып жатыр.

Болашақта ағылшын және қытай тілдерінің маманы болып шығатын жастар мұнда бір семестр бойы білімін толықтыруға келді. «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасының арқасында бауырлас елде оқып жатырмыз. Жаңа орта тауып, бірнеше шет мемлекеттен келген жастармен танысып достасып кеттік. Бұл үшін өте қуаныштымыз, - дейді олар.

Диана Бекжан, Шәкәрім атындағы университеттің 3 курс студенті:

Алғашқы күннен бастап бізге өз көмегін көрсетіп білмегенімізді үйретіп жатыр. Сонымен қатар біз осы Науайы атындағы университеттің жатақханасында тұрамыз. Ол жерде қазақ, өзбектен бөлек, басқа ұлт өкілдері де бар, ұйғыр, қытай кәріс жастары. Олармен де танысып мәдениетін үйреніп, барлығымыз тату-тәтті тұрып жатырмыз.

Науайы атындағы мемлекеттік тіл-әдебиет университеті Түркістан, Қарағанды, Алматы мен Семейдегі оқу орындарымен өзара келісім-шарт жасасқан. Оның негізінде оқытушылар мен студенттер алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және академиялық бағыттар бойынша жастардың білім алуы қарастырылған.

Масума Обиджонова, Науайы атындағы тіл және әдебиет университеті ақпарат қызметінің басшысы:

Шәкәрім университетінің студенттері мен магистранттары тәжірибе алмасу мақсатында ұзақ және қысқа мерзімге білім алуға келеді. Шет мемлекеттегі оқу тәжірибесін көзбен көріп, сезіну жастарға өте пайдалы деген ойдамын. Мұндай бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ташкенттегі тіл мамандарын даярлайтын іргелі оқу орнында білімін шыңдаған жастар шығыстану бағытына да бет бұрып, араб тілін әліпбиден бастап үйреніп жатыр. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттердің өзін жаңа қырынан сынап көруіне жол ашады. Мұндай жобалардың бізге берері мол,оқытушы ғалымдарға айтар алғысымыз шексіз, - дейді қазақстандық жастар.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу