Батыс Қазақстан облысында мас күйінде көлік тізгіндеп, екі адамды қаққан облыс әкімі аппаратының қызметкері кесірінен 18 жастағы қыз бала аяғын баса алмай қалды. Анасының айтуынша, шенеунік осы күнге дейін кешірім сұрап келмеген, жағдайын білмеген.
Қазан айында облыс әкімі аппараты ішкі аудит қызметінің басшысы Ербол Найзабеков түн ортасында мас күйде рөлге отырып, бағдаршамда тұрған үш көлікті соққан. Сол оқиғада таксиде жолаушы болған 18 жастағы студент Ақбота Кеңес зардап шегіп, ауыр жарақат алған. Анасының айтуынша, дәрігерлер бастапқыда денесі көгерген деп диагноз қойғанымен, кейін қыз бала мойнын ұстай алмай, қазір жүруден қалған. Шауып жүрген қыз мүгедек болып қала ма, деп алаңдайды. Оралдағы жоғары оқу орнының студенті қазір Индерде ем алып, үйінде қашықтан сабақ оқуға мәжбүр. Гүлжан Жарқынбаева істің әділ тергеліп, мемлекеттік қызметкердің тиісті жазасын алуын талап етеді.
Гүлжан Жарқынбаева, Индер қаласының тұрғыны:
Қызым аяғын баса алмайды. Қаламсап ұстай алмайды. ДТП болған күні келіп, қызымнан кешірім де сұраған жоқ. Кімді қақты? Адам ойлануы керек қой. Ондай ештеңе сұраған жоқ. Қағаздарымыз дайын емес. Қазір бізді Астанаға жіберіп жатыр. Астананың порталын күтіп отырмыз.
Қазір жол апатын жасаған мемлекеттік қызметкердің көлігі айып тұрағына қойылды. Мас күйінде көлік жүргізгені дәлелденді. Өзі жұмыс орнында. Полиция іс қозғау үшін зардап шеккен адамның сот-сараптама қорытындысын күтіп отыр. Қорытынды әлі шыққан жоқ.
Ернар Сұлтанғалиев, облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:
Көлік жүргізушісі мас күйде болғаны анықталды. Оқиғада соғылған көлік жолаушысы дене жарақатын алуы бойынша сот сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша жеңіл жарақат алса, әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданады. Ал орта және ауыр дене жарақаты келтірілген жағдайда Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Екі жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза қарастырылған.
Ардақ Мұратқызы
