Түркияда бауырсақ пісіруден сайыс өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда бауырсақ пісіруден сайыс өтті

07.12.2024

Түркияда оқитын студенттер арасында «Бауырсақ пати» шарасы өтті. Ыстанбул қаласындағы университеттердің бірінде ұйымдастырылған сайыста шәкірттер қамыр ашытып, бауырсақ пісіріп өзара мықтыны анықтады. Ұлттық тағамымызды дайындау жарысына әр түрлі университеттерден 17 команда қатысты.

Ыстанбұлдағы Бас консул, университет ректоры мен ұстаздардан құралған әділ қазылар алқасы әр командаға балл беру арқылы ең дәмді пісірілген бауырсақты таңдады. Үздік шыққан үш командаға бағалы сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар берілді. Ерекше шара аясында студенттер өз өнерлерін көрсетіп, ән салып, би биледі. Ұлттық ойындар ойнады.

Сәуле Дәрменова, студент:

Үйде әр жұма сайын менің әжем бауырсақ пісіреді сол үшін маған қиын болмады. Әрі Түркияда болғаныммен бауырсақ жиі пісіремін. Түркияның студенттеріне қолдау бергендеріңіз үшін мен алғыс білдіремін.

Нежмеддин Атсу, «Ыстанбул кент» университетінің ректоры:

Бүгін ерекше шара өтті. Бауырсақтар өте дәмді болды. Бұл тек қана бауырсақ пісіру сайысы емес, Қазақстанның мәдениеті мен салт дәстүрін таныстыратын шара болды деп ойлаймын. Балалар қазақ дәстүрлерін түрік дәстүрлерімен ұштастыра отырып таныстырғаны бәріміз үшін пайдалы болды. Қазақтардың біз үшін шетелдік емес, бауыр екенін тағы бір рет дәлелдеді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу