Елімізде алтын мен күмісті әкелу, әкету ережелері бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алтын мен күмісті әкелу, әкету ережелері бекітілді

03.12.2024

Енді алтын, күмістерді әкелу, әкету арнайы тәртіппен жүзеге асады. Ереже Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен бекітілді. Бағалы заттарыңыздың тиісті құжаттары талап етіледі. Кедендік декларация толтыру міндеттеледі. Бұл өзгеріс жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға қатысты.

Бұдан бөлек, бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қандай пайдалы қазбаларға геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетінін айтты. Соңғы 30 жылда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қорларының өсуі байқалады,- деді. Министрдің сөзін тыңдап алсақ.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Мәселен, алтын бойынша қорлардың толу коэффициенті 1,2-ге жетеді. Бұл дегеніміз - өндірілген бір тонна алтынның орнына 1,2 тонна алтын қоры толығып жатыр. Ал мыс, мырыш, қорғасын және алюминий қорлары бойынша тереңдетілген геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажет.

Кен орындары жаңа технологияның көмегімен зерттеледі

Биыл жер қойнауын пайдаланушылар 4,3 трлн теңге инвестиция құйған. Оның ішінде геологиялық барлауға 125,9 млрд теңге жұмсалды. Жауапты ведомостволар МинераГеникалық кодексі әзірленетінін айтты. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін компанияларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер де жасалмақ.

Ерлан Ғалиев, Ұлттық геологиялық қызмет төрағасы:

Сондай-ақ, еліміздің ғылыми-академиялық қоғамдастығымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Минерагеникалық кодексін әзірлеуге кірісеміз. Бұл кен орындарының әртүрлі топтарын анықтауға мүмкіндік береді, олардың таралуы туралы болжам жасаудың ғылыми негізіне айналмақ. Сонымен қатар геодинамикалық негіздегі және палинспастикалық карталарды әзірлеуге баса назар аударудың маңыздылығын атап өткіміз келеді.

Оңғар Алпысбай

Хабарламаларға жазылу