Ақмолада мыңдаған тонна бидай қар астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмолада мыңдаған тонна бидай қар астында қалды

29.11.2024

Ала жаздай алқап басында тер көккен ақмолалық диқандар, астығымыз қар астында қалады, деп алаңдаулы. Өйткені, бидай бағасы төмендеп кеткен. Бір тонна бидайдың нарықтағы құны 35 мың теңгеге бірақ түскен. Әсіресе, шағын шаруа қожалықтарының жағдайы мүшкіл. Олар бидайды сақтайтын жер таппай отыр.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Ақмолалық диқандар тау-тау болып үйілген астығын тиімді бағамен өткізе алмай әлек. Дәл осы жерде 3 мың тонна астық ашық далада жатыр. Кептірілмеген бидайдың шіріп кету қаупі де жоқ емес. Бидайдың биылғы бағасы бір гектарға жұмсалған шығынды да жаппайды. Шаруалар «пайда таппақ түгілі, шығынға ұшырадық», - дейді.

Қуаныш Сәдуов биылғы өнімінің бір центнерін де сатпады. Себебі, баға төмен. Делдалдарға жем болып, еңбегінің еш кеткенін қаламайды. Далада жатқан астықты бүлдіріп алам ба, деп тағы алаңдайды. Бүгінге дейін оншақты элеваторға бас сұққан. Орын жоқ деген желеумен қабылдамады, - дейді диқан.

Қуаныш Сәдуов, шаруа:

Элеваторларда орын жоқ. Кейбір элеваторларға апарсаң, сапасын сындырады. Клейковина 18 внеклассный бидай деп. Бүкіл жерде толық Атбасарға да бардық. Камаздар өзімдікі болғасын, біраз жерге бардық. Бүкіл жерде солай. Петропалға да бардық расстояниге қарамаймыз. Ешқайда орын жоқ.

Астық көп, құны жоқ. Шаруалар бұл қолдан жасалып отырғанға ұқсайды, - дейді. «Бірлік» шаруа қожалығының иесі Сағынай Есімов жинаған астығының 25 пайызын ғана сатып үлгерген. Қазір жиналған бидайдың бір бөлігі шөп қорада, қалғаны далада жатыр. Алайда, өнімді ұзақ сақтауға шама жоқ. Қазірдің өзінде бүлінген бидайды малға азық етуге мәжбүр.

Сағынай Есімов, шаруа:

Биыл өніміміз өте жақсы шықты. Өткен жылға қарағанда екі есе. Қайда жіберетінімізді білмейміз. Өніміміз влажноватый. Далада, жауып жатырмыз пологпен. Бірдеңе ғып сақтау керек. Кредиттер ол қысып жатыр. Ешкім алмай жатыр. Қаладағы үйлерді кредитке салдық, жеріміз залогта. Биыл өте қиын.

Биыл өңір диқандары 6,5 млн тонна бидай орған. Сапасы жоғары астықтың 2 млн тоннадан астамы экспортқа жөнелтілген. Облыс бойынша сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын 66 элеватор жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, элеваторларда орын бар.

Ренат Қасенов, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Ақмола облысы бойынша элеваторлардың жүктемесі 70 пайызды құрайды. 3 млн. тонна астық жатыр. Орындар бар негізі. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы кіші, шағын шаруашылықтар ғана қазіргі таңда тікелей сатып алу бағдарламасына қатыса алады.

Корпорация шаруалардан өтінімдерді қабылдауды бастады. Алдымен шағын шаруашылықтар, кейін серіктестіктер тапсырады. Бидайды сатып алу құны сұрпына қарай 50 мың мен 90 мың теңге аралығында болмақ. Бұл мақсатқа республика бойынша 10 млрд теңге бөлінген.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу