Алтын құймаларының бағасы аспандап барады. Тура бір жыл бұрын бағалы металдың 1 грамы 29 мың 387 теңге болса, бүгін бұл көрсеткіш 41 мың 781 теңгеге жеткен. Артық ақшасын алтынға салған адамдар жыл басынан бері 40 пайызға жуық пайдаға кенеліп отыр.
Еркебұлан Әріпбай артық ақшасын алтынға инвестициялауды бір жарым жыл бұрын бастаған. Содан бері үстінен көрген таза табысы - 3 млн теңгеге жуықтады. Ал 210 грамдай алтынға салған ақшасы егер депозитте жатса, осы күнде одан түскен пайда 1 жарым млн-ның айналасында болар еді.
Соңғы сегіз жыл бойы қаржылық нарығын зерттеп, зерделеп жүрген ол ұзақмерзімді инвестиция көзі ретінде алтын ешқашан құнын жоғалтпайды, - дейді.
Еркебұлан Әріпбай, қала тұрғыны:
Себебі соңғы 2 мың жылда қарасақ, бағасын жоғалтпаған да. Бірақ бүгін 9 млн болып тұрса, ол ертең, 9 млн 100 мың, оның арғы күні 8 млн 900 мың болуы мүмкін. Дегенмен ақшаны жинауға жақсы инструменттердің бірі.
Макроэкономика сарапшысы Айбар Олжай да осы пікірге қосылатынын айтады. Ол алтынның арзандауына үш жайт қана себеп бола алады деді.
Айбар Олжай, макроэкономика сарапшысы:
Бағалы металл ретіндегі адамдардың түсінігіндегі өзінің котировкасын жоғалтса. Немесе Орталық банкілер алтыннан басқа валюта, металға ауысып кетсе, платинамен сақтайық. Алтынның үлкен бір кеніші табылса әлемде. Одан алтын көп көлемде өндіріліп, нарыққа шыға бастаса, әрине, құны коррекцияға ұшырай бастайды.
Адамзат осы күнге дейін бағалы металдың шамамен 187 мың тоннасын өндірген. Ал геологиялық зерттеулердің арқасында табылған Жер жаһандағы алтынның қоры 244 мың тоннаға жуықтайды. Сондықтан да, сарапшылардың пікірінше, бұл түсті металға сұраныс артпаса кемімейді.
Бауыржан Мұқанов, нарық сарапшысы:
Тағы да унциясы 3 мың долларға дейін қымбаттайды деген болжам бар. Үй ала бермей, алтын алсаңдаршы деген сондай бір месседж болуы мүмкін. Қор нарығына ақша салу бәс тігу емес ешқандай да. Әрине, болжамдар болады белгілі бір шектеулі деректерге негізделген, бірақ ешкім кепілдік бере алмайды.
Сондықтан да ақшаңызды еселеп арттыру үшін нарықты зерттеген жөн дейді сарапшылар. Артық қаражат болса, депозит немесе жылжымайтын мүлік қана емес, алтын құймасын да ұзақмерзімді инвестиция құралы ретінде қарастыруға болады. Алайда пайдаға кенелу үшін кемі 5-6 жыл уақыт керек.
Қаракөз Тұрмағанбет