Алматының коммуналдық қызметі 32 техникамен толықты. «Алматы тазалық» мекемесіне жолдарды сыпырып әрі сол мезетте қоқысты контейнерге тиейтін әмбебап алты көлік сатып алынды. Сондай-ақ көктайғаққа арналған арнайы сұйықтық таратқышы бар 3 техника, жолды қар мен мұздан тазалайтын алты трактор да бар. Мамандардың айтуынша, қыста жолды қардан тазалау үшін мыңға жуық арнайы техника пайдаланылады. Қазір қалада 1 400-ден аса жұмысшы бар. Ал келер жылы жол тазалайтын, қоқыс таситын, тротуарларды сыпыратын тағы да 123 техника сатып алынбақ. Жалпы қалада «Таза Қазақстан» акциясы аясында әсіресе, күз бен қысқы маусымда арықтарды күл-қоқыстан тазарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен күн сайын коммуналдық қызметкерлер арық желілерінен 250 текше метр қоқыс шығарады.
Ертай Қасенов, «Алматы тазалық» МКК директорының орынбасары:
Таулы аймақта 4 рет қар тазаладық. Қысқа 100% дайынбыз. Біз үшін енді жауған қарды уақтылы тазалау ғой. Тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Күндіз-түні жұмыс істейді 2 кезек. 25 тонна тұз алдық. 30 тонна құм бар.
Айдана Қуантхан