Мүлік, көлік, алтын. Бұл - қазақстандықтардың шетелдерде иелік ететін активтерінің бір парасы ғана. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері бойынша, декларациялаудың үшінші кезеңінде ел азаматтарының 2 млн-нан астамы есеп берген. Олардың 800 мыңнан астамы шетелде 17 трлн теңгеден аса ақшасы барын көрсеткен. Мұнша қолма-қол ақшаға иелік ететіндер заңды тұлға немесе жеке кәсіпкерлер. Декларация тапсыру науқанының нәтижесі бойынша 19 мыңға жуық адамның елден тыс жерде 24 мыңнан астам жылжымайтын мүлкі бары анықталды. Ал 6 мың 656 қазақстандықтың шетелдерде 7 мыңнан аса көлікке иелік ететіні расталды. 17 мыңға жуық адам жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердегі 23 мың 870 нысанда үлесі барын көрсеткен. Оның ішінде шетелде салынып жатқандары да бар. Ал 5 мың 406 адамның инвестициялық алтын құймалары бары анықталды. 26 мыңдай кәсіпкер елімізбен қоса шетелдерде 65 мыңнан астам бағалы қағаздар мен қаржы құралдары бар екенін атап өткен. Биыл декларация тапсыруға тиіс тұлғалардың 281 мыңы өз міндетін уақытылы орындамаған. Оларды әкімшілік жауапқа тарту басталып кетті. Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысын тындасақ.
Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР ҚМ МКК жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы:
Қазіргі күні 1241 адамға хаттама толтырдық. Дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, мәжбүрлі өндіру шаралары жүзеге асырылады. Ал енді жеке тұлғаға қатысты болатын болса, жеке сот орындаушыларының өндірісіне жіберіледі. Жеке тұлғаның есепшоты бұғатталмайды. Тек дара кәсіпкер ретінде тіркелген салық агенті болып табылатын жеке тұлғалардың ғана есепшоты бұғатталады.
Биыл жалпы декларациялау аясында заңды тұлғалардың басшылары немесе құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары өз мүліктері туралы есеп берді. Келесі жылдан бастап 18 жасқа толған барлық қазақстандық азамат декларация тапсыруға міндеттелетінін еске салайық.
Қаракөз Тұрмағанбет