Сәбилер үйіндегі балалар саны күрт өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәбилер үйіндегі балалар саны күрт өскен

01.11.2024

Сәбилер үйіндегі балалар саны күрт көбейген. Былтыр елімізде 4 жасқа дейінгі 1300 бала мемлекет қамқорлығына тапсырылған. Finprom-ның есебінше, бұл соңғы жылдарда тіркелген рекордтық көрсеткіш. Бұған не себеп? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес зерттеп көрді.

Былтыр еліміздегі сәбилер үйлеріне осыншама бала қабылданған. Мамандар бұның антирекорд екенін айтады. Алысқа бармай-ақ Астананың өзін алып қарасақ, жетім қалғандар саны жаға ұстады. Мысалы елордадағы мына «Мамандандырылған балалар үйіне» биылдың өзінде 61 бала қабылданған. Оның 19-ын ата-анасы уақытша тастап кетсе, 32-сі жетім қалған. Ал 10 сәбиден әке-шешесі мүлде бас тартқан.

Гүлжан Төлесова, мамандандырылған балалар үйінің қызметкері:

Үш айлық балалар бар. Жаңадан туылған балалар бар. Отбасы топтарында алты-ақ бала тәрбиеленеді. Аналары үйде қалай қарайды, солай жағдай жасалынған. Бір тәрбиеші бір мама болып тағайындалады. Мамасына бауырмашылығын қалыптастыратын жоба жасалған бізде.

Сәбилер үйі балаларды 3-4 жасқа дейін немесе осы аралықта асырап алғанға дейін қамқорлыққа алады. Шекті жасқа жеткенде балалар үйіне, интернатқа немесе мамандандырылған емдеу мекемелеріне жіберіледі. Осы тұста ата-аналардың бауыр еті перзентінен безіп кетуіне не себеп деген заңды сұрақ туындайды.

Лимана Қойшиева, психолог:

Бірінші орында ата-ананың психологиялық тұрғыдан есеймеуі деп айтады және өзіне жауапкерщілік алмауында. Өмірде өз жолын таппаған адам мен балаларыма қалай жол тауып беремін деген оймен, қорқынышпен, жауапсыздықпен балалар үйіне өткізіп жатады.

Психологтың, айтуынша ата-ананың баласынан бас тартуына әлеуметтік жағдайы да себеп болып жатады. Соңғы жылдары кәмелетке толмағандар арасында жүкті болып қалу дерегі де көбейген. Заң тұрғысынан алсақ ата-ананың өз еркімен перзентінен бас тартуына тыйым салынбаған.

Жандос Тұяқов, заңгер:

Өзіңіз білесіз дәретханадан да табылып жатыр балалар. Қоқыс жәшігіне тастап кеткен жайттар бар. Бұның барлығы неден?. Егерде біз заңды күшейтсек, ресми түрде балаларынан бас тартқан аналарға қылмыстық іс қозғайтын болсақ, онда оның астары басқадай болуы мүмкін, өршігіп кетуі ықтимал. Яғни, балаларды өлтіріп тастау фактісі де орын алуы мүмкін.

Бүгінде еліміздегі балалар үйлерінде 21 мыңнан астам ұл-қыз тәрбиеленіп жатыр екен. Олардың саны 2019 жылдан бері небары 3 мыңға азайған. Қазір бала асырап алу жүйесін реттеп, балалар үйін біртіндеп жабу шаралары қолға алынған. Соңғы үш жылда олардың саны 21-ге дейін қысқарған. Дегенмен, бауыр еті баласынан бас тартатындар азаяр емес. Патронат тәрбиешілер институтын енгізу стратегиясы да әзірленген. Бұл жүйені реттейтін заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.


Хабарламаларға жазылу