16 жылдан кейінгі мемлекеттік сапар. Қазақстан Президенті ұзақ уақыттан кейін Моңғолия еліне ат басын бұрды. Бұл тарихы тамырлас қос мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа серпіліс беретін маңызды оқиға. Ресми Ұлан-Батыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты жоғары деңгейде қарсы алды.
Әлемнің ең суық астанасында қызу қарбалас. Моңғолия мәртебелі қонақты қарсы алуға үлкен мән беріп отыр. Қала көшелерінде қос елдің тулары желбіреп тұр. Ал, елдің басты алаңында Қазақстанның алып туы ілінді.
№ 1-ші борт Шыңғыс хан әуежайына кешке қарай келіп қонды. Моңғол тарапы Президентті гүл және құртпен қарсы алды.
Мемлекеттік сапармен келу туралы шақыртуды Моңғол Президенті Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевқа шілде айында Астанадағы кездесуінде айтқан еді. Сол кезде Мемлекет басшысы бізді ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын ортақ мәдени-тарихи құндылықтар мен дәстүрлер байланыстырады деп атап өткен. Былтыр екі ел 133 млн АҚШ долларына сауда жасады. Біз нан өнімдері, темекі, кофе мен шоколад және машина қозғалтқыштарын саудаласақ, моңғол елінен вагондар мен құрылыс конструкциялары, ет, түбіт және аяқ киім әкелінеді. Бүгін сапар аясында қос елдің іскерлік палатасының отырысы өтіп, 80 млн долларға 6 келісім жасалды.
Ғабидолла Оспанқұлов - ҚР Сыртқы істер министрлігінің инвестиция комитетінің төрағасы:
Қазақстанның электрондық үкімет саласындағы жинақтаған тәжірибесіне моңғол тарапы өте жақсы қызығушылық танытып отыр. Осы құжатқа да бүгін қол қойылады. Қазақстанның мал шаруашылығындағы малдың арасында тарайтын ауруды алдын алу бойынша вакциналар жеткізуге «QazBioPharm» қол қояды.
Моңғолия тек Қытай және Ресеймен шекараласады. Қазақстанмен араны 40 шақырым жер бөліп тұр. Дегенмен, қарым-қатынасқа қарқын беру Ұлан-Батыр үшін стратегиялық тұрғыда маңызды.
Энхбаяр Намбарын, Моңғолияның бұрынғы президенті:
Қазақстан Моңғолияның ең маңызды үшінші көршісі. Арамызды кішкентай ғана жер бөліп тұр. Сондықтан да экономикалық тұрғыда қос елдің мүмкіндігі көп деп ойлаймын. Көшпенділер өркениетінің өкілдері ретінде бізге мәдени-тарихи байланысты күшейту керек. Әсіресе тарихты толық тану үшін қос елдің ғалымдары екі жақтың архивтерін пайдаланып, тәжірибе алмасқаны маңызды.
Екі ел достығының алтын көпірі бұл Моңғолиядағы 140 мыңға жуық қазақ диаспорасы. Солардың бірі Мұрат Дәкей. Ұлы Хурал, яғни Парламенттің депутаты болған. Бүгінде бірнеше кәсіпті тізгіндеп отыр.
Мұрат Дәкей, кәсіпкер:
Әлі де біздің тіліміз, көп тарихымыз, дәстүр-салтымыз бірге болғандықтан ары қарай да жаңа заманда бірігіп істейтін жұмыстар өте көп дегенді жастарға айтқымыз келеді. Екі елдің ортасында алтын көпір болуға осы Моңғолиядағы ат төбеліндей қазақтың қосатын рөлі көп деп есептеймін.
Президент сапарының негізгі шаралары ертең өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияның Президенті мен Премьер-министрі және Ұлы Мемлекеттік Хуралының төрағасымен келіссөздер жүргізеді. Сапар аясында маңызды құжаттарға қол қойылады деген жоспар бар.
Шерхан Жамбылұлы