Президент ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

08.10.2024

ТМД мемлекеттері арасында еркін сауда айналымы болуы керек. Бұл - ұйымға мүше елдердің өзара тауар айналымы мен бірлестіктің бәсекеге қабілеттігін арттыра түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ТМД елдері басшыларының саммитінде осылай деді. Әрі алдағы уақытта Тәуелсіз мемлекеттер достастығы жәрмеңкесін өткізуді ұсынды. Тіпті алғашқысы тарихи шаһар Тараз төрінде өтуі мүмкін. Мәскеуден Досжан Маратұлы толықтырсын. 

Досжан Маратұлы, тілші:

Ресей. Мәскеу. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы осында өтуі бекер емес. Биыл ұйымға Ресей төраға. 35-отырысты өткізу үшін бірлестікке мүше елдердің басшылары түгел жиналды.

Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан басшыларын Владимир Путин Кремльде құрметпен қарсы алды. Бірлескен сурет, кейін күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыға түсті. 

Бейбітшілік. Осы сөздің қадірі артқан тұста интеграцияға бастайтын кез келген саяси қадам маңызды. Өйткені, жер жаһанда қақтығыс азаяр емес. Таяу Шығыстағы ахуал тағы алаңдатып қойды. Тыныштық кілті келісімде екенін бәрі біліп отыр. Сондықтан аймақтағы ортақ проблемаларды ортаға салып, талқыламаса болмайды. Мәселен, шекарадағы кикілжіңдер әлі бар.

Константин Калачев, саясаттанушы:

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету содан басталады. Өйткені ТМД-ға мүше елдердің өзі бір-бірімен шекара дауы үшін қақтығысқанын білеміз. Қырғызстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы алаңдатады. Әзербайжан мен Армения арасында да не болғанын білеміз. Сондықтан әркез келісімге келу маңызды. Бұл біздің қолымыздан келеді.

Иә, достастық ұйымына мүше бола тұра, тараптардың бір-бірімен жауласқаны болмас. Жиында Мемлекет басшысы осыған алаңдаушылық білдіріп, Әзербайжан мен Арменияны татулыққа шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан рәсімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар. 

Ұйым елдері жауласпай, керісінше бір-біріне жақындай түсуі керек. Ал қазір осы ТМД төңірегінде «бірлестіктің болашағы жоқ», «ұйым ыдырап барады» деген түрлі сөздер де айтылып қалады. Десе де бұл - бос әңгіме, дейді сарапшылар. Керісінше, құрылым қазір қайта жаңғырып келеді. Енді мәдени-гуманитарлық саладан бастап экономикаға дейін жан-жақты байланысты арттыра түсу қажет. 

Виктория Перская, Халықаралық экономикалық байланыстарды зерттеу институтының директоры:

ТМД ұйымының қазіргі міндеті – өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ол үшін бірлесіп жұмыс істеу қажет. Ортақ экономикалық бірлестік керек. Сөйтіп, аймақта ғана емес, тұтас Еуразия аумағында серіктестермен бәсекелестікті арттыра беру қажет. Ал Еуразияға Үндістан, Қытай сияқты алпауыттар мен араб елдері де кіретінін білеміз.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Бірақ сауда кедергілері, тариф мәселесі өзара алыс-берісті арттыруға кедергі. Сондықтан әкімшілік рәсімдерді жеңілдету жайы сөз болды. Яғни ұйымға мүше елдер сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануы қажет. Осы тұста Президент еркін сауда айналымы қажет екендігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынған едім. Бұл жұмысты мейлінше тезірек аяқтауымыз керек. Жалпы, «Бір белдеу – бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік», «Транскаспий бағыты» сияқты жаһандық жобаларды өзара үйлестіру Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді.  

Мәдени-гуманитарлық салалардың да маңызы зор. Осы орайда мемлекет басшысы бұдан былай Тәуелсіз мемлекеттер достастығы жәрмеңкесін өткізіп тұруды ұсынды. Алғашқысы біздің елде өтуі мүмкін. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі Таразда ұйымдастыруға дайынбыз.  

Жиын соңында бірқатар құжат бекітілді. Мемлекет басшылары алдағы үш жылға Достастықтың мәдени астаналарын жариялау туралы шешімдерге қол қойды. Құқықтық, қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты құжаттарға түзетулер енгізілді. Ал кезекті төрағалық Тәжікстанға өтті. Ендігі отырыс келер жылы күзде Душанбеде өтпек.


Досжан Маратұлы 




Хабарламаларға жазылу