«Орталық Азия – Германия» қатынастарының жаңа кезеңі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орталық Азия – Германия» қатынастарының жаңа кезеңі басталды

17.09.2024

«Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақ тарихында жаңа кезең басталады. Бүгін Орталық Азия мемлекет басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуінде Мемлекет басшысы осылай деді. Өзара байланысты бекемдеуге барлық тарап мүдделі әрі әлеуетті. Мәселен Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Тек, тиісті келісімдер қажет.

Тәуелсіздік сарайына қонақтардың алды болып Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц келді. Бұл мәртебелі қонақтың Орталық Азиямен бекем байланыс орнатуға бейілді екенін көрсетеді. 6 елдің басшылары амандық сұрасқан соң стратегиялық серіктестіктің маңызды тетіктерін талқылау үшін дөңгелек үстел басына жайғасты. Бүгінгі саммит бұл құрамның бірінші кездесуі емес. Былтыр Берлинде 5+ форматы негізінде бас қосқан. Осы жолы жоғары деңгейдегі диалогты тереңдете түсетінімізге сенімдімін, -деді саммитті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Германияның әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуы көптеген мемлекетке жақсы үлгі. Неміс технологиясы мен инвестициясы экономиканың түрлі саласына оң әсер етіп отыр. Біз Германияның өңіріміздегі барлық мемлекетпен тең құқылы серіктестікті дамытуға ниет танытқанын жоғары бағалаймыз. Оған Германияның социал-демократиялық партиясы қабылдаған «Орталық Азия: байланыс және мүмкіндік» атты бағдарлы құжаты дәлел бола алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасындағы ынтымақтастықты арттырудың жеті басым бағытын айқындап берді.

Қазірдің өзінде Қазақстанда неміс капиталымен мыңнан аса компания жұмыс істеп тұр. 2005 жылдан бері біздің елге 7 млрд долларға жуық астам қаржы құйған. Енді бес елдің бірігіп қойған ауқымды жобаларына ат салысу ұсынылып отыр. Бұл барлық тарапқа тиімді болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Орта дәлізді» одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан перспективасы зор. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу ісінде мол мүмкіндік бар. Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайды.

Мемлекет басшысы ғылым-білім саласындағы байланыстың дамуын маңызды міндет ретінде атап өтті. Қазақстан Президенті Германияның ғылым-білім қауымдастығын жасанды интеллект, цифрландыру және «жасыл» технология сияқты перспективті бағыттарда ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Олаф Шольц, ГФР федералдық канцлері:

Орталық Азия – Германия форматындағы кездесудің екінші рет өтуі өзара сенім мен ынтымақтастықтың маңыздылығын дәлелдейді. Аймаққа келген сайын өте қарқынды дамып жатқандарыңызға куә боламын. Оның үстіне сіздер елдеріңіздің ғана емес аймақтың мүддесі тұрғысында жұмыс істеп жатырсыздар. Бұл қаржы құямын деген инвесторлар үшін маңызды көрсеткіш.

Қазір әлем жаһандық жылыну проблемасымен бетпе бет келгені айтылып жүр. Орташа температура ең жылдам көтеріліп жатқан аймақ – Орталық Азия.

Мәселені көтерген Қырғызстан президенті бұл бағытта да бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.

Садыр Жапаров, Қырғызстан Президенті:

Орталық Азия елдері мен Германияның қатынастары 2023 жылы стратегиялық деңгейге шықты. Осы достығымызды ескере отырып, жаһандық жылынумен күрес бағытында күш біріктіреміз деп сенемін. Әсіресе Қырғыз тауларында климаттың өзгеруі ерекше байқалып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекет басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Бастамаларды бірден іске асыру үшін президенттер бірден Германияның ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

«ОА плюс» форматындағы жаңа диалог орындарының пайда болуы өңірдің халықаралық саясат субъектісі ретіндегі саяси салмағы арта түскенін аңғартады. Бұған дейін осы форматта 10-ға жуық келелі кездесу өткен. Өңірлік бірлік парадигмасын күшейту қазіргі және болашақтағы сын-қатерлерге барынша лайықты жауап болады. Жаһандық бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін біз бірлігімізді сақтай отырып, ортақ мақсаттарға үздіксіз ұмтылуымыз керек. Бүгінгі саммит те нәтижелі болды. Әр президенттің көтерген мәселесі өңір елдерінің өзгелермен ықпалдастығы кезінде міндетті түрде ескерілетін болды.


Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу