Атырау облысында шаруалар өтемақыларын алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында шаруалар өтемақыларын алып жатыр

26.07.2024

Атырау облысында тасқыннан зардап шеккен шаруалардың шығыны есептеліп, өтемақыларын алып жатыр. Жалпы 200-ден астам шаруашылық су астында қалды. Өтемақыларын алған шаруалар біртіндеп бұрынғы тіршілігіне оралуда. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Жылыой және Қызылқоға ауданында тасқын зардабы тиген мал шаруашылығы иелеріне өтемақы толығымен берілді. Ал егін шаруашылығына келген тасқын зардабы әлі есептеліп жатыр. Қазір өңірлік комиссия Индер және Махамбет аудандарында белсенді жұмыс істеуде.

Тасқын зардабын тартып отырған шаруалардың бірі - Аслан Сатқанов. Биылғы келген өр суы 500 гектар егістік алқабын түгелдей басып кеткен. Дәнді-дақыл мен көкөністің түр-түрін егіп, жылда ерте өнім алатын. Алайда биылғы тасқында шаруасы тұралап, біраз сергелдеңге түсті. Қазір мал шығыны есептеліп, өтемақысын толық алған. Енді бүлінген егін алқабының қаражатын күтіп отыр.

Аслан Сатқанов, шаруа қожалығының иесі:

Судың деңгейі метр 30 метр 40-қа дейін көтерілді. Адамның кеуде тұсына дейін. Ол су бір айдың үстінде жатты. Егіс шығының құжаттары тапсырылып тұр. Жақында беріледі деген хабар бар жоғары жақтан. Соны бізге берсе шығынымызды жапсақ, қаншама жасайтын жұмыстарымыз бар.

Келген нөпір су сай-салаға жайылып, түгел құрғағаннан кейін шаруалар бұрынғы тіршілігіне кірісті. Алқаптарына дән егіп, кәсіптерін әрі қарай жүргізіп жатыр. Бірақ биылғы қиыншылықтың салдарынан өнімдерін кеш жинағалы тұр.

Айтуар Мырзағалиев, шаруа қожалығының иесі:

Сәуір айының ортасында дән тығылып бастап кету керек еді, біз ай жарымдай кешігіп барып дән ектік. Майдың аяқтарына қарай. Кішкене кешіктіріліп жатыр енді. Былтыр мұндай уақытта біз қауын қарбызымызды сатылымға шығарып едік.

Жылыой және Қызылқоға аудандарында тасқын кезінде 1800-ден астам төрт-түлік суға кетті. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен мал шаруашылығымен айналысатын 208 азаматқа 274 миллион теңге өтемақы төленген. Егін шаруашылығы әлі талқыланып жатыр. Бұл бойынша шаруалардан 102 өтініш түсті. Шығын -  шамамен 526 миллион теңге.

Нұртас Қуатбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы:

167-ші бұйрық бойынша тек қана мал мен егін шаруашылығының өтемдері көрсетілген. Ал басқа техникаларына, қосалқы шаруашылықтарына ондай ережеде көрсетілмеген. Соған байланысты облысқа тізімдерін бердік. Енді алдағы уақытта үкіметтен ережелер келеді деп күтіп отырмыз. Жалпы ереже шығып жатса онда тиісті өтемақыларын алады деп ойлаймыз.

Ал су шайған Құлсары қаласында 300-ден астам кәсіпкер зардап шекті. Олардан 223 өтініш түсіп, оның 191-іне 1 млрд 900 миллион теңге өтемақы тағайындалды. Қалған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын таппақ.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу