2 млн 700 мың. Осыншама адам Еурокубокты стадионда отырып тамашалауға ниетті. Бұл - тек шетелдік жанкүйерлерге сатылған билет. Бұл барлық билеттің 80 пайызы. Төрт жылда бір рет болатын аладоп аламанына дайындық қалай? Қауіпсіздік пен көлік қатынасы, туристерді қабылдаудың қамы туралы Қаракөз Тұрмағанбет баяндайды.
Германия үшін бұл Еурокубок - 2006 жылғы Әлем чемпионатынан кейінгі алғашқы ірі турнир. Сондықтан Алмания елі дүбірлі додаға арнап стадион салып әуре болған жоқ. 10 қалада 10 стадион дайын. Әрқайсысының сыйымдылығы кемі - 40 мың адам. Финалдық кездесу өтетін «Олимпиаштадионға» тіпті 71 мың көрермен сыяды. Маусымның 14 мен шілденің 14 аралығында бас-аяғы 51 матч өтеді. Футболдан Еуропа біріншілігін 3 млн-нан астам жанкүйер стадионда отырып тамашаламақ.
Мәскеудің «Крокус Сити Холлындағы» қайғылы оқиғадан кейін Германияның құқық қорғау органдары қауіпсіздікті күшейтті. 50 мыңнан астам федералды полицейге жазғы демалысқа шығуға рұқсат жоқ. Бір ғана Мюнхеннің өзінде қауіпсіздікке 8 млн-ға жуық еуро бөлінген.
Нэнси Фезер, Германия ішкі істер министрі:
Қауіпсіздік мәселесін реттеу үшін халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнаттық. Федералды полиция қызметкерлерінің санын ұлғайттық. Киберқылмыстардың да, лаңкестік әрекеттердің де алдын алуға дайынбыз.
Тәртіп сақшыларымен қоса, туристер мен жанкүйерлерге жөн сілтеп, көмек көрсетуге 16 мың волонтер жұмылдырылмақ. Ал неміс әуежайлары бірлестігі Еуропа чемпионаты кезінде ұшақпен қатынайтын адам саны 2 млн-ға артуы мүмкін екенін алға тартады. Сол үшін де 500-ге жуық арнайы рейс ұйымдастырып, алдын ала қамданып жатыр.
Қаракөз Тұрмағанбет