Шымкентте бір мезетте 12 мың адам мінәжат ете алатын үлкен мешіт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте бір мезетте 12 мың адам мінәжат ете алатын үлкен мешіт ашылды

24.05.2024

Шымкентте бір мезетте 12 мыңға жуық мұсылман мінәжәт ете алатын зәулім мешіт ашылды. Сәулетімен ерекшеленген діни орын өңірдегі жаңа әкімшілік іскерлік орталығынан бой көтерді.

Ақ мәрмәрмен көмкерілген мешітті салу кезінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қолданылған ежелгі сәулет технологиялары ескерілді. Діни кешен классикалық ислам стилімен үйлесім табатын ұлттық нақышпен безендірілген. Бүгін мешітте алғаш рет жұма намазы оқылды.

Мешіттің ашылуына Құран кітабын әдемі жазу үлгісімен қағаз бетіне түсірген атақты каллиграф шейх Осман ТоҺа арнайы қатысты.

Осман Тоһа, Құран кітабын жазған каллиграф:
Қазақстанға, ата-бабамның кідік қаны тамған жерге алғаш рет келуім. Қазақ ұлты сондай жомарт, ақкөңіл, жүректері иманға толы халық екен. Орталарыңызға келгеніме өте қуаныштымын.

Мешіт кешенінде ислам тарихының мұражайы, неке қию бөлмесі, медресе, кітапхана да жасақталған. Сондай-ақ, телеорталық, фитнес залы мен асхана да жұмыс істейді. Аумағы 12 гектар жердің үштен біріне жасыл желек егілген. Ал есік алдында қолайсыз ауа-райынан қорғану үшін автоматты түрде ашылатын қолшатырлар жүйесі де жасақталған.

Әлімбай Шермаханов, қала тұрғыны:
Бұл мешіттің біздерге, жастарға беретін үлкен тәрбиелік мәні бар деп есептеймін. Имандылыққа, ауызбіршілікке тәрбие беретіні сөзсіз.

Мешіт іші табиғи ауа ағыны арқылы желдетіледі, дезинфекцияланады және жылытылады. Мамандар мұндай технология Москва метросының құрылысында қолданылғанын айтады. Діни кешен енді оңтүстік өңірі тұрғындарының рухани орталығы болуымен қатар, Шымкент қаласының ең сәулетті орындарының біріне айналмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу