СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге 20 тонна ауыз су жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге 20 тонна ауыз су жеткізілді

22.04.2024

Су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысына РФ қарасты Ингушетия Республикасынан көмек жетті.

4000 шақырым қашықтықты артқа тастаған жүк керуені 20 тонна ауыз су жеткізді. Тіршілік нәрі эвакуациялық пунктер мен қаладағы білім ошақтарына таратылады. Қала тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтып отырған Қызылжар су мекемесінің сорғы станциясы су астында қалған болатын. Қалаға Пестрое көлінен желі тартылды. Мамандар суды қайнатып, асқа пайдалануға болатынын жеткізді. Алайда, оның сапасы көпшілік көңілінен шықпай отыр. Теріскейге бүгінге дейін жан-жақтан 600 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді. Жалпы, өңірде тасқынға байланысты ахуал тұрақталып келеді. Есіл өзенінің деңгейі түсе бастады. Аймақта 3400-ден астам үйге су кірді. Тек Петропавл қаласында 1900-ге жуық адам 100 АЕК көлемінде біржолғы өтемақы алды. Әлеуметтік төлем беру процессі жалғасуда.

Джамбулат Тангиев, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:

Петропавл халқы тіршілік нәрінен таршылық көріп жатқанын естідік. Таудың мөлдір суын жіберейік деген ортақ шешімге келдік. Жүк көлігі өткен сәрсенбі жолға шықты. Алыс сапар болған соң уайымдағанамыз рас. Дегенмен діттеген жерге аман-есен жетті.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу