Еліміздегі су тасқыны болған өңірлерге көрші елдерден көмек легі әлі жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі су тасқыны болған өңірлерге көрші елдерден көмек легі әлі жалғасуда

21.04.2024

Тәжікстан Республикасы су басқан аймақ тұрғындарына 56 вагон және 15 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жеткізді. Көрші ел жіберген вагондарда азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарлары, жемістер мен құрылыс материалдары бар. Бас-аяғы 3500 тоннадан асатын гуманитарлық көмек Душанбе қаласынан шыққан. Тәжікстан делегациясын бастап келген қонақтарды Түркістан облысының жұртшылығы «Сарыағаш» темір жол станциясында ыстық ықыласпен күтіп алды. Салтанатты шараға сондай-ақ, жергілікті билік өкілдері мен тәжік ұлтының диаспорасы, Сарыағаш ауданының ақсақалдары қатысып, тәжік халқына алғыстарын айтты. Қонақжайлық танытып, құрмет көрсетті. Бұл көмек қиналған жұртқа үлкен қолдау болатынын атап өтті.

Зұлпыхар Жолдасов Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

Осындай қиын кезде өздеріңіздің достығыңызды, бауырлығыңызды білдіріп, көмек көрсетіп жатырсыздар. Бізге көмек ретінде заттар келіп жатыр. Сіздерге үлкен рахмет. Біз қазір осы колоннаны бүкіл Қарағанды облысына дейін күзетіп барамыз.

Өзбекстаннан гуманитарлық көмек 15 жүк көлігімен жетті.

Ал Өзбекстан республикасынан елімізге 15 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жетті. Көліктер шекараны Түркістан облысындағы Қонысбаев кеден бекетінен кесіп өтті. Қайырымдылық көмек керуенін бастап келген делегацияны облыс басшылығы күтіп алып, көрші елдің қамқорлығына зор ризашылықтарын білдірді. Жүк көліктеріне негізінен тұрмысқа қажетті заттар мен құрылыс материалдары, көрпе төсектер мен киім-кешек сияқты заттар тиелген. Гуманитарлық көмек тасқыннан зардап шеккен облыстарға жеткізіледі деп күтілуде.

Шерзодхон Қудиратходжа, Өзбекстан республикасы делегациясының өкілі:

Өзбек-қазақ бір туған дейді. Қазір қазақстандық бауырларымыз табиғи апаттан зардап шегіп жатқанда біз қалай көмек көрсете аламыз, басқа түскен ауырлықты қалай жеңілдетеміз деп өзара ақылдастық. Қазір 300 тоннадан аса ең керекті заттарды жинап, әкеле жатырмыз. Мұнда қажетті азық-түліктен бастап консервіленген палауға дейін бар. Осы заттар діттеген жерлерге жетіп, өзбек халқының бауырлас ел екенін сезінсе біз қуанамыз. Біз сіздермен қашанда біргеміз.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу