Еріктілер ерлеп тұр: Оралда өзбек кәсіпкері бөгет соққандарға палау басып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еріктілер ерлеп тұр: Оралда өзбек кәсіпкері бөгет соққандарға палау басып жатыр

19.04.2024

Батыс Қазақстан облысында күштік құрылымдарды қоспағанда, 6 мыңнан астам ерікті тасқынмен күреске жұмылдырылған. Арасында, шет елден келіп қолғабыс етіп жатқандар да бар. Мәселен, Оралға арнайы келген Өзбек кәсіпкері бөгет соққандарға палау басып жатыр. Дайын асты діттеген жеріне жеткізуге волонтерлар күш біріктірген.

Аспаз Әли Батыроғлының осында келгеніне үш күн болған. Кәсіпкер өз ақшасына азық-түлік алып, қазан-қазан палау басып жатыр. Ташкентте өзінің мейрамханасы бар. Қазақ елі қиналған шақта үйде отыра алмадым дейді. Түркияда жер сілкінісі болғанда да, сапарлап барып, бір жарым ай 2 мың кісіге ас дайындаған.

Әли Батыроғлы кәсіпкер, волонтер (Өзбекстан):

Өзім повар болғасын, көмектесу үшін келдім. Қолымнан келгені бұл. Қазақ еліне сабыр тілеймін. Бұл күндер де өтер. Бір болуымыз керек мұндай заманда. Құдай қаласа, жақсы күндерде де қызметіңіздеміз. Әр заманда да қазақ пен өзбек бауырлас.
Әлидің палауын таратуға волонтерлар көмектесіп жатыр. Ыстық тамақты жүздеген ыдысқа теңдей бөліп, текшелеп қояды. Осы жерден өзге ерікті азаматтар көлікпен алып кетіп, бөгет соғып жатқандарға жеткізеді.

Әлішер Кенжешев, волонтер:

Шамамен 15-20 волонтер осы жерде қызмет етіп жатыр. Біреулер мың-мыңдап контейнер алып келеді, біреулер отын алып келеді деген сияқты әр түрлі қызметте жүр.
Қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, мұғалімдер де самаурын қайнатып, қазан көтеріп, жұмысқа жұмылған азаматтарға түскі, кешкі асты тегін үлестіріп жатыр.

Шаттыгүл Дүйсенғалиева, мұғалім:

Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, бізде 1000 адамға жуық ұстаздар қауымы бізге қолдау көрсетіп жатыр. Одан бөлек біздің мұғалімдер сабақтан тыс уақытта бөгет салу, құм қаптау, тағы басқа жедел қызмет атқарып жатқан әріптестерімізге, ағаларымызға тегін тамақпен қамтамасыз етіп жатырмыз.
Марат Асқаров қала тұрғыны:

Біздер балықшылар мен аңшылар қауымдастығынан, «Асан» мешітінің жамағаты бар, өзіміздің тума-туысқандар, біздің үй тұрғындарымен жиналып, осында көмектесіп жатқан жігіттерге түскі ас бердік.
Аймақта күштік құрылымдар мен мемлекеттік қызметкерлерді қоспағанда, 6 мыңнан астам ерікті күні-түні тер төгіп жүр. Облыста төтенше жағдай жарияланғалы, еліміздің 11 өңірінен қол күші, техника мен гуманитарлық көмек келген.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу