Ұлыбританияға су басу қаупі төнді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияға су басу қаупі төнді

18.04.2024

Бүкіл Англия бойынша су тасқынынан сақтауы тиіс қорғаныс құралдары мүшкіл жағдайда. Мыңдаған үй мен мекеме ғимараттары дүлей дауылдарға төтеп бере алмайын деп тұр. Т

Ұлыбритания үшін жауын-шашын үйреншікті табиғи құбылыс болғанымен жағдай ушығып барады. Жаһандық жылыну нәтижесінде соңғы жарты жылдың өзінде он шақты дауыл тұрып, әбігерге салған. Соңғы күндері Кэтлиннен кейін Пьеррик келіп, өзендерді арнасынан шығарып тастады.

Ханна Клок, Рединг Университетінің Профессоры:

Қалаларымыз бен инфрақұрылымдарымыз қатаң климатқа бейімделуі керек. Әйтпесе, алдағы жылдары жағдай, тіпті, қиындай түседі.

Соңғы 2 жылда Англиядағы 6 миллионға жуық жылжымайтын мүлік нысанына су астында қалу қаупі төнді. Ауылшаруашылық дақылдары шіріп, темір жол мен көлік жолдары жарамсыз болып қалды. Адам шығыны да бар.

Эмма Говард Бойд, Ұлыбританияның қоршаған ортаны қорғау агенттігінің бұрынғы төрағасы:

Егде жастағы адамдар, балалар, табысы төмен отбасылар және денсаулығы нашар азаматтар, яғни халықтың ең осал топтарының өмірі қыл үстінде тұр.

Биліктен көңілі қалған сайлаушылардың көпшілігі осы жылы өтетін саяси науқанда оппозициялық партияға дауыс бергелі жатыр. Шенеуніктер тексерулерді күшейтеміз деп уәделерін жаудырды.

Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-Министрі:

Біз су тасқынынан қорғауға 5,2 миллиард фунт бөлдік. Бұл рекордтық сома. Болашақта бұл инвестициялар 300 000-нан астам үйді аман алып қалады.

Британ ғалымдары жасанды интеллект пен климаттық деректерді біріктіру арқылы табиғат апатының алдын алуға әрекеттеніп жатыр. Яғни, жаңа және қолда бар ақпаратты талдай отырып, су тасқыны болатын күнді ерте болжамақ.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу