Орал қаласының маңындағы саяжайлардың жартысына тасқын қаупі төніп тұр. Ресми мәлімет бойынша, 2000-нан астам үйді су басты.
Айта кету керек, зардап шеккен саяжай тұрғындарының басым бөлігінде үйінің құжаты жоқ. Бұл тұрғындар енді не істейді? Өңірдегі қазіргі ахуал туралы аймақта жүрген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес баяндайды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Біз қазір қала іргесіндегі, Жайықтың жағасында орналасқан Нұрлы Жол саяжайындамыз. Мұндағы үйлерді су басқан. Бұл аумақтан көшірілген тұрғындар Оралдағы эвакуациялық пункттерге орналастырылды.
- Үй кезегінде тұрмыз. 6 баламен. Сол үйді берсе екен. Әр жағын көре жатармыз. Басымызда пана болса бірдеңе қылып тіршілік етерміз, енді.
- Қызым ауырады, бізге үй керек. Бірінші саяжайда тұрамын.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Айта кету керек, саяжайда тұратындардың басым бөлігінде үйінің құжаты жоқ. Соған қарамастан зардап шеккендердің өтініштері қабылданып жатыр. Бүгінге дейін 160-қа жуық адамға тиісті құжаттар рәсімделген. Қазір Оралда тұрғындардың өтініштерін қабылдауға арналған бірнеше орталық жұмыс істеп тұр. Мекенжайын маман айтып берген еді.
Надир Құрымбаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ БҚО филиалының директоры:
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін біздер «Масковский» сауда үйінде, «Дом быта» сауда үйінде, сосын Сарайшық, 47-де азамттарды қаабылдау орталығы бар электронды үкімет порталына өз-өзіне қызмет көрсету орталығын ашып қойдық. Міндетті түрде халыққа қызмет көрсету орталығына келудің қажеті жоқ.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Сондай-ақ тасқыннан зардап шеккен тұрғындар, шағын және орта бизнес өкілдерінің несиесі мен қарыздарын 3 ай мерзімге шегеру үшін 1500-ге жуық азаматтың өтініші қаралып жатыр. Оған қоса өңір бойынша 676 отбасыға 50 АЕК көлемінде бірреттік жәрдемақы төленген. Ал, аймақтағы ахуалға келер болсам Жайықтың су деңгейі көтеріліп келеді. Орал қаласы мен үш ауданның тұрғындары жедел түрде көшіріліп жатыр. Облыс аумағында дауылды ескерту жарияланып, Орал мен төрт аудандағы мектептер және колледждер онлайн оқыту режиміне көшті.