Басты Жаңалықтар Ресейде ХІ Халықаралық біріккен мәдениеттер форумы өтті

Ресейде ХІ Халықаралық біріккен мәдениеттер форумы өтті

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Санкт-Петербургте өткен Халықаралық біріккен мәдениеттер форумына қатысты. Бұл – ашық диалог жүргізуге, тәжірибе алмасуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға арналған бірегей алаң. Биылғы форумның тақырыбы – «Мәдениетке оралу – жаңа мүмкіндіктер». Қатысушылар мәдени мұраны сақтау жолдарын, цифрлық технологиялардың рөлін, креативті экономиканы дамытуды және өнер арқылы халықаралық ынтымақты нығайту жолдарын талқылады. Аида Балаева мәдени кеңістіктің тәуелсіздігі мен тазалығын сақтауға бағытталған бірлескен шараларды қабылдауды ұсынды. Ол негізгі мүмкіндіктер ретінде мәдениеттің білім беру функцияларын, мәдени дипломатияны, креативті экономиканы және цифрлық технологияларды атады.

Аида Балаева, Мәдениет және ақпарат министрі:

Бүгін біз бәрімізге жақын «Мәдениетті қайтару – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбын талқылаудамыз. Мәдениет тек сахна, мұражай немесе концерт залы емес екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл рухани бірліктің кеңістігі, өнер ғибадатханасы, жаратылыс пен шабыттың қайнар көзі.

Форум аясында Аида Балаева Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимовамен екіжақты кездесу өткізді. Онда тараптар Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымағының қазіргі жағдайын және перспективасын талқылады. Қазан айында Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап та әріптестікті нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және мәдениет мекемелері арасындағы байланыстарды дамытуға ниетті екендерін жеткізді.
Индира Бегайдар


Бөлісу