Елімізде ғылымды дамыту үшін барлық жағдай жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ғылымды дамыту үшін барлық жағдай жасалады

14.04.2024

Айтып кеткеніміздей, жұмада Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өткізді. Баяндамада жалпы ғылым саласын басқару мен . Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды... Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Ұлттық экономиканы индустрияландыру үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, оның шикізаттық сипаты аса өзгере қойған жоқ.

Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндеті жүктелді. Қосылған құнның орнықты тізбегі оның негізіне айналуы керек. Бұл бағытта мұнай сервисі мен мұнай химиясы салаларының (пластик, көміртекті нанотүтікшелер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) әлеуеті зор. Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет.

Ғылымды дамыту, оның жетістігін тұрмыста, өндірісте қолдану және мәселенің тек ақшаға тірелмейтіні туралы материал жасаймыз. Қазір ғылыми кеңестен Данияр Қайыртайдың сюжеті. 

Қарғын судың қарқыны бәсеңдер емес. 80 жыл болмаған сел тұтас елді титықтырып тұр. Президент жаһандық климаттағы өзгеріс дүниежүзінде табиғи апаттарды жиілетті деді. Ал катаклизмдермен күресу үшін оны алдын ала болжай білу керек.Бұл міндет – ғылымның еншісінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды.

Сол үшін енді Тараздағы әйгілі гидромелиоративтік-құрылыс институты қайта қалпына келтірілмек. Алматыдағы сейсмология институтының да ғылыми әлеуеті арттырылады. Мемлекеттік органдар да барлық істе, бұдан былай, сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуі керек деді Президент. Сосын ғылым – академиялық сұранысқа ғана емес, ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен экономиканың қажеттіліктеріне де негізделуі маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың мәні зор. Мысалы, ғалымдардың зерттеулерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайту, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ климаттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, жолдарды жөндеу және салу үшін пайдалануға болады.

Айдархан Қалтаев, Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің кафедра меңгерушісі:

Республика экономикасының басым көпшілігін жер қойнауын пайдаланушылар мен монополистер құрайтын қазіргі нақты жағдайда ғылымнан мүмкін болатын 10-15 пайыз пайда олар үшін маңызды емес. Сондықтан қазір олардан ғылымға шынайы қызығушылық күту қиын.

Қайрат Молдашев, SDU университетінің қауымдастырылған профессоры:

Адамдар қаншалықты шешім беру процесіне қатысса, соншалықты мотивациясы артады. Және шешімдерді әртүрлі стейкхолдерлардың ойларын ескерген шешімдер нәтижелі болмақ.

Президент ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасында байланыс орнату үшін әкімдіктер жанынан ғылыми кеңестер құруды ұсынды. Сонда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізудің мүмкіндігі артады. Мемлекет басшысы тоқталған тағы бір міндет –жасанды интеллектіні дамыту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек. +Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет. Сонымен қатар бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек.

Бейбіт Әбдікенов, жас зерттеушілер альянсының вице-төрағасы:

Университеттер жанынан индустрияның көмегімен тақырыптық жасанды интеллект орталықтарын құрған жөн. Әсіресе, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, су және экология салаларында.

Келесі мәселе –университеттердегі ғылымды дамыту. Кейінгі жылдары салаға реформа жасалған. Бірақ сол өзгерістердің кесірінен оқу орындарынан кадрлар кете бастағаны байқалады. Ғалымдар еңбекақысы көп ұйымдарға ауысып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады. Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырамын.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Былтыр бізде 22 мың ғылыми қызметкер болған жағдайда, қазір 25 473 адамды құрады. Яғни жастар ғылымға тартыла бастады. Бұрын ғылымнан шығып кеткен, шетелге шығып кеткен ғалымдарымыз ақырындап қайта бастады, ғылыми-зерттеу орталықтарына және білім ордаларына.

Соңғы аталған бағыт кадрлық әлеует мәселесімен сабақтасып жатыр. Президент жас ғалымдарды жан-жақты қолдау қажеттігін кезекті рет тапсырды. Грант құнын арттыру, лайықты стипендия төлеу, шет елге тағылымдамаға жіберу, докторанттар санын арттыру әрі олардың ғылымда қалуына жағдай жасау, «индустриалды PhD» даярлау, яғни өндірісте жұмыс істейтін ғалымдарды оқыту механизмі– мемлекет басшысы осы мәселенің бәрін қамтыды. Шет елде жүрген ғалымдарымызды қолайлы жағдай жасап, Қазақстанға қайтару ұсынысын қолдады.

 Дос Сарбасов, ҚР ҰҒА вице-президенті:

Дамыған мемлекеттерде қызмет етіп жүрген жоғары білікті ғалымдарды елге қайтару ісі отандық ғылымды дамытуға зор септігін тигізер еді. Олардың елге келуін үйлестіру үшін ақпараттық орталық құрған жөн деп есептеймін. Мұндай орталықты жас ғалымдардың пост-докторлық кезеңдегі шетелдік тағылымдамасын үйлестіруге де пайдалануға болады.

 Еламан Айбулдинов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы:

Декарбонизация мәселесі де сөз болды. Яғни экономиканы бұрынғы жолмен емес, энергетика саласын дамыту бағытында көмірді тура жандырмай басқа баламалы энергетика көзімен қамтамасыз ету, соған байланысты экономиканың басқа салаларын дамыту сияқты.

Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті деді Президент.

Жанай Сағын, су ресурстарының маманы, профессор:

Геодезия, топография техниктардыңжұмысы, оған университетте оқып қажеті жоқ. Колледждерфермерлергеөтежақын. Канададакөбі колледж бітірген. Университет бітіргенжоқ, жалақылары әжептәуір. Қазір Қазақстанда көбі университетке қарапқалды. Анау ниверситті ашайық, мынаны ашайық дейді. Талай ақша кетіп жатыр. Қазақстанда ғылыми адамдар көп. Екі-үш университ бітіреді. Бірақ бірдеңе жасауға қолынан келмейді.

Қазақстандағы мәселенің шешімі бөгет салу деп түсінеді. Бірақ бұл өте қате шешім.Суды дамба арқылы ұстап тұру қате. Оны арнайы насостармен жердің астына айдау керек. Қазақстанға көктемде көрші елдерден көп су келеді. Соны осы жерде ұстап қалу керек. Олүшін жер асты бассейндері болу керек.

Әлем дамбы салудан бас тартып жатыр. Ол табиғатқа қарсы шығу. Судың көлемі көп болса оны кез-келген сәтте жарып жібереді. Оның үстіне судағы барлық пайдалы минаралдар дамбаның астына шөгеді де, құр судың егістікке пайдасы аз болады. Салдарынан түрлі тыңайтқыштарды пайдаланады.

Жанай Сағын, су ресурстарының маманы, профессор:

Дамба мүлде керек жоқ бізге, дамба салмау керек. Дамба ол зиян. Бізде мұнай-газ компания болсын, көмір компаниялары болсын бәрі жердің астынан сорып жатыр. Егер жердің астынан бірдеңе алсақ, қайтадан салу керек. Сол үшін баланс болу керек. Егер жердің астынан бірдеңе алсақ, қайтадан қою керек. Сол үшін суды жіберсек керек болғанда сорып аламыз.  

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу