Елімізде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдай жасалмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдай жасалмақ

12.10.2023

Жаңа дәуір. Елімізде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдай жасалмақ. IT саланың ауқымды шарасы «Digital Bridge» жиынында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологияны дамытудың негізгі басымдықтарын атады. Ол үшін арнайы стратегиялық құжат та қабылданбақ. Жасанды интеллект қарапайым қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертуі мүмкін? Ол адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін бе? Президент нені ескертті? Шерхан Жамбылұлының материалында.

Жасанды интеллект - ғылыми-технологиялық прогресстің жаңа дәуірі. Бұрын ғылыми-фантастикада болған дүние, қазір ақиқатқа айналды. Оны елемегендер көштен қалып кетуі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану.

Қазақстан жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдай жасамақ. Ережені айқындайтын стратегиялық құжат әзірленеді. Президенттің пікірінше оны ең әуелі мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығына енгізу керек. Бастысы ол адам бостандығы мен құқығын бұзбауы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үшін цифрлық кодексті бірлесіп жасауды ұсынды. Ал әлемдік компанияларды елімізге тарту үшін цифрлық әлемге қажет инфрақұрылым әзірленбек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік.

Қазақстан цифрландыру бойынша АҚШ-тың өзін басып озған. Бұл америкалық бизнесменнің пікірі.

Тим Дрейпер, Венчурлық инвестор, «Draper Fisher Jurvetson» компаниясының тең құрылтайшысы:

Менің білуімше Қазақстанда қазір ешкім қолма-қол ақшаны ұстамайды. Бұл жағынан сіздер АҚШ-тан әлдеқайда озып кеттіңіздер. АҚШ кафесінде адамдардың әлі де тиын санап төлеп жатқанын көресіз. Бұл қадамдар өте ауқымды және қоғамға әсері үлкен.

Президент келер жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосуды тапсырды. Ал статистика бюросын цифрлық мекемеге айналдыру керек деді. Бұның барлығына әрине жылдам интернет керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет.

Интернет мәселесін шешуге әйгілі Илон Масктың «Spacex» компаниясы көмектесуге әзір. Олар алыстағы ауылдарға Старлинк жерсеріктері арқылы желі тартуды ұсынды.

Лорен Дрейер, «Spacex» компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті:

Жылдың есебі бойынша адамзаттың үштен бір бөлігі үшін интернет қолжетімді емес. Қазақстанда да алыс аймақта интернет мәселесі бар. Бұл мәселені шешуде Старлинк компаниясының әлеуеті жетеді деп ойлаймын.

Мектептердегі ғаламторды жақсартуға да осы компания көмектеспек. Мектеп демекші, Президент қарыштап дамып жатқан технологияларға білім жүйесі де ілесуі керектігін айтты. Білім ұяларында ІТ дағдыларды үйрету қажет. Болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер және өзге де мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек деді Президент.

Жиыннан кейін Мемлекет басшысы форум аясында ұйымдастырылған көрмеге барып, отандық компаниялардың ІТ саладағы жетістіктерімен танысты.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу