Петропавл қаласы кешеден бері ауыз сусыз отыр. Ал бүгін қаланың көп аумағында жарық та өшті. Өйткені, тасқынның алғашқы легінің өзі өзен аңғарында тұрған электр бағандарын қиратып кеткен. Салдарынан «Қызылжар» су сорғы станциясына тоқ жетпей жатыр. Өңірдегі жағдайды тілшіміз Аманкелді Сейтханнан білсек. Амангелді, ауыз су қашан беріледі, ал тасқынның арыны қандай? Қанша үйге су кірді?
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Петропавлда жағдай қиын. Халық кешеден бері ауыз суға осылай ұзын-сонар кезекте тұр. Әкімшілік 50 көлікпен қаланың әр тұсына су жеткізіп жатыр. Өйткені, «Қызылжар» су сорғысы тоқтан үзілген. Тіпті, авариялық жағдайда іске қосылатын бағандар да құлаған. Сумен аққан ауыр мұздар жолындағысының бәрін былай жайпап өтіп жатыр.
Қазір мамандар құлаған бағандарды қайтадан орнатып, үзілген тоқ сымдарын жалғауға тырысып жатыр. Бірақ, тасқынның арыны қатты болғандықтан, оның үстіне судың қақ ортасында жатқан электр сымдарын жалғау оңай болмай тұр. Бірақ, мамандардың жанкештілікпен жұмыс істеп жатқаны байқалады.
Ерік Сарыбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
Алдыңғы жылдармен салыстырғанда биылғы тасқынның жағдайы бөлек. Өйткені, бұрын мұздар еріп үлгеретін. Ал биыл сумен бірге мұздар келе жатыр.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Осы ауыр мұздар қаланы қоршай салынған бөгеттерді де бұзып өткен. Соның салдарынан қазіргі ақпарат бойынша 617 үйге су кірген. Бірақ, бұл сан сағат санап өзгеруде. Сондықтан, қауіпті аймақтағы тұрғындар жаппай эвакуацияланып жатыр. Себебі, Сергеев су қоймасынан ең көп мөлшерде ағып шыққан су әлі жетпеген, бұл басы ғана. Соның өзінде Есіл өзенінің деңгейі орташа алғанда 8 сағатта 1 жарым метрге көтерілген. Бұл орташа, ал өзен аңғары тарылатын тұстарда мұз кептеліп, су одан да көп жиналып жатыр. Соның салдарынан 65 жолды су шайып кеткен, 19-ы әлі судан тазартылған жоқ. Болжам бойынша тасқынның шарықтау шегі алдағы 2-3 күнде болмақ.
Аманкелді Сейтхан