Еліміздің тағы бірнеше өңіріне тасқын қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің тағы бірнеше өңіріне тасқын қаупі төніп тұр

02.04.2024

Елімізде алдағы 5 жылға тасқынның алдын алу жоспары әзірленбек.

Бүгін Үкімет басшысы осындай тапсырма берді. Олжас Бектенов бұл жұмысқа мықты сарапшыларды тартуымыз керек деді. Өйткені елдімекендерді жылда су басып жатыр. Төтенше жағдайлар вице-министрінің айтуынша қазір елімізде ахуал әлі күрделі. Әсіресе Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай секілді 5 өңірде тасқын толастар емес. 20 елдімекенде төтенше жағдай жарияланған. Қызыл су мың жарымға жуық үйге кіріп, біразы қирады. Ондағы 15 мыңдай адам қауіпсіз жерлерге эвакуацияланған. Тасқын көлік инрақұрылымына да айтарлық зақым келтірді. Қызыл су 55 автожол учаскесі мен төрт көпірді шайып кеткен. Салдарынан 50 ауыл көлік қатынасынсыз қалды. Премьер-министр ондағы тұрғындарға қажеттінің бәрін уақтылы жеткізуді тапсырды. Ал синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Ауа температурасының көтерілуіне байланысты еліміздің солтүстігі, орталығы мен шығысына тасқын қауіпі төніп тұр. Сондықтан Үкімет басшысы бұған жан-жақты дайын болуды тапсырды. Әрі тасқын залалын есептеп, шығынды өтеу жұмыстарын бастау керек деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктері тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріссін.Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады.


Хабарламаларға жазылу