Еліміздің тағы бірнеше өңіріне тасқын қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің тағы бірнеше өңіріне тасқын қаупі төніп тұр

02.04.2024
0:00:00
0:00:00

Еліміздің тағы бірнеше өңіріне тасқын қаупі төніп тұр. Осыған орай премьер-министр Олжас Бектенов бүгін қоластындағыларға бірқатар тапсырма берді. Қазгидрометтің болжамынша, алдағы күндері Солтүстік Қазақстанның өзінде ауа температурасы 20 градусқа дейін жылуы мүмкін. Ал Экология және табиғи ресурстар министрі болса, тасқынға дер кезінде дайын болмаған әкімдіктерді кінәлады. Жалпы елдегі ахуал қандай? 

1,5 ай бұрын Үкіметте тасқының алдын алу мәселесі қаралғанда, министр, әкімдер тас түйін дайынбыз деп еді. Бүгін қызыл су басқан жерлердегі аухалды баяндаумен болды. Төтенше жағдайлар министрі орынбасарының айтуынша елде жағдай әлі қиын. Тіпті Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай секілді 5 өңірде тасқын толастар емес. 20 елдімекенде төтенше жағдай жарияланған. Қызыл су мың жарымға жуық үйге кіріп, біразы қирады. Ондағы 16 мыңдай адам қауіпсіз жерлерге эвакуацияланған.

Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:

Егер біз дайын болмаған күнде құдай сақтасын деп айту керек, басқа шетелдердегі сияқты су тасқынынан қанша адамдарымызды жоғалтып алатын едік. Ал бүгінгі таңда шүкір деп айту керек бірде-бір адам шығын жоқ.

50 ауыл көлік қатынасынсыз қалды

Десе де еріген қар суы, үйлерді басып қана қоймай, көлік инфрақұрылымына да айтарлық зақым келтірді. 55 автожол учаскесі мен төрт көпірді шайып кеткен. Сөйтіп 50 ауыл көлік қатынасынсыз қалды. Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар вице-министрінің бүгін біраз ақталуына тура келді. Айтуынша тасқынға ел айтып жүргендей 7 милилард емес, 3 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы қазір қызыл сумен күресуге жұмсалып жатыр. Әрі су басқан өңірлерге құтқару қызметі тым кеш жетті дегендерге былай жауап берді.

Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:

Сіздер дұрыс түсінулеріңіз керек. Бүкіл жаңағы өзендердің бойымен су көздерінде біздің құтқарушыларымыз тұрған жоқ. Оған баруға уақыт керек. Сондықтан біз ең жақын жерде тұрған құтқарушыларымызды жібердік. Жеткенше сол болды. Тікұшақтарымыз да солай.

Вице-министрдің айтуынша қазір құтқарушылар күштік құрылымдармен бірлесіп, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бірақ босаңсуға болмайды. Өйткені синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Алдағы күндері ауа температурасы 20 градусқа дейін жылиды. Енді еліміздің солтүстігі, орталығы мен шығысына қауіп төніп тұр дейді мамандар. Жайық тасыса, Батыс Қазақстандағы ахуал да ушығып кетуі мүмкін.

Серік Сайыров, Қазгидромет РМҚ Бас директорының орынбасары:

Сәуірдің 10-нан бастап көтеріледі ол жерде уже. Қазірдің өзінде басталып жатыр. Жайық өзені бойынша қазір. - Енді сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылды қазір? - Біз барлығына дабылды ескертуді бердік. Барлық мемлекеттік органдарға. Барлық атқарушы органдарға.

Бірақ әкімдер мұны назарға алса игі. Өйткені Қазгидромет тасқын қаупі жайлы оларға желтоқсаннан бері хабарлаған екен. Тіпті бір айда 100-ден астам ескерту жасалған.

Ерлан Нысанбаев, Қр Экология және табиғи ресурстар министрі:

Алайда әкімдіктер болжамға қажетті деңгейде назар аудармады. Осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті деңгейде баға берілмеді және уақтылы алдын ала шаралар қабылданбады.

Премьер-Министр тасқынмен күресті күшейтуді тапсырды

Үкімет басшысы болса, қателіктерден сабақ алып, тасқынмен күресті күшейтуді тапсырды. Әрі тасқын залалын есептеп, шығынды өтеу жұмыстарын бастау керек деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктері тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріссін.Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады!

Досжан Маратұлы, тілші:

Сондай-ақ Үкімет басшысы алдағы 5 жылға тасқынның алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырды. Олжас Бектенов бұл жұмысқа мықты сарапшыларды тарту керек деді. Өйткені бұл мәселе жылда қайталанады. Ал онымен күрес жасақталғанына екі ай болған Үкімет үшін сын болғалы тұр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу