Бүгін Үкімет басшысы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Штабты өзі басқарады, Қанат Бозымбаев - штаб басшысының орынбасары.
Үкімет мынадай ақпар таратты: Төтенше жағдай салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен салуға үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінеді. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.
Елдің әр өңіріндегі азаматтар әлі де шыбын жанын шүберекке түйіп отыр. Өйткені су басу қаупі сейілмей тұр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында жолды су бұзып өткендіктен 17 елді мекенмен көлік қатынасы үзілген. Өңірде 2500-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Аймақтың Орал қаласы мен 4 ауданында төтенше жағдай жарияланған. Ал Ақтөбе облысында он өзеннің тасуы салдарынан 5 аудан мен Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланған. Қазір әсіресе, Ойыл ауданында жағдай қиын болып тұр. Кеше Берсиев, Қоғалы ауылдарының тұрғындары көшірілген. Енді Ырғыз ауданындағы төрт ауылға қауіп бар. Су ортасында қалған ауылдардан тұрғындарды тікұшақпен қауіпсіз жерге көшірген. Қазірге дейін Ақтөбе облысында 753 үй мен 10 әлеуметтік нысан суға кеткен. Одан бөлек 187 аула мен 99 саяжай зақымданған.
Абай облысында да тасқынның беті әлі қайтпай тұр. Облыста бірнеше жолды су шайып кеткен. Мысалы, Аягөз ауданы Бозай ауылына апаратын көпірді су ағызып елді мекенмен байланыс үзілген. Ақсуат ауданындағы Кіндікті ауылымен байланыстыратын көпір де бұзылған. Қазір аталған екі ауылға азық-түлік, қажетті заттар мен дәрі-дәрмекті тікұшақпен, қайықпен жеткізіп жатыр. Тағы айта кететін жайт - Аягөз ауданында тасқын кезінде жоғалып кеткен үш адам әлі табылмаған.