Төл тарих та ұлтты ұйыстыратын бір құндылық. Қазақстан – Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысының мұрагері. Сондықтан әлемде осы ортағасырлық геосаяси держава тур алы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек деп есептейді Президент. Осы мақсатпен академиялық зерттеулер жасалып, көп сериялы деректі фильм де түсірілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады.
Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ Газеттері» ЖШС бас директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Алтын орданың бір үлкен қаласы Сарайшық болса, Сарайшықтың ар жақ-бер жағындағы тарихы – біздің тұтас тарихымыздың ашылмаған беттерін халыққа жеткізуге мұрындық болуы керек. Қазір дайындалып жатқан 7 томдық академиялық тарих зерттеуі осындай дүниелерді бастайды. Алтын орданың мамандары жоқ бізде, тарихшылар арасында. Енді жоқ екен деп, жоқ-жоқ деп қалмау керек, мамандар даярлау керек.
Алайда тарихи оқиғалар мен тұлғалардың іс-әрекетін талдағанда бітіспес айтыс-тартысқа бой алдырмаған маңызды. Мемлекет басшысы Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, біріне-бірін қарсы қою үрдісі тоқтамай тұрғанын мысал ретінде келтірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды.
Президент тарихқа келгенде эмоцияға салынып «өнбейтін дау қуатын» әдетімізді сынай келе, зиялы қауымды ауызбірлікке үндеді. Елдің тұтастығы солардың бірлігінен басталатынын айтты. Бұл сөзге жастар жақтас сияқты, ал ел ағалары ере ме?
Олжас Сүлеймен, Team Qazaqstan жобасының жетекшісі, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Зиялы қауым, үлкендеріміз жастарға үлгі болып, бізге ауызбіршілігін көрсетіп, шынайы сондай бірліктерін көрсетіп жатса, біз солардың ізін жалғастырып жүрер едік.
Ондай үлгіні жазушы әрі мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлы көрсетіп кеткен. Елдік мүддені бәрінен биік қоятын қасиетін Президент онымен қызметтес кезінде жақын араласа жүріп байқағанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есігі қашанда айқара ашық еді.
Мемлекеттік тіл мәселесі Құрылтай отырыстарында көтерілетін «дәстүрлі» тақырыпқа айналған. Оның сырын Президент «тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді» деп түсіндірді. Ал ол саясаттың мәні – ешкімді мәжбүрлеместен қазақ тіліне деген күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру, - деді
Рауан Кенжеханұлы, «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Мемлекеттік тілді қолдау, оны тиісті деңгейге көтеру, қолданыс аясын кеңейту қашанда қоғамның да, мемлекеттің де назарында болатын тақырып. Құрылтайда талқыланған мәселенің, ден қойылған тақырыптың іле-шала бір қозғалысқа айналып, нақты іске ұласып жатқанын көріп жатырмыз.
Бұл ретте қазақша кітап пен аударма жайы да сөз болды. Жастарды кітап оқуға баулу онымен өзектесіп жатыр. Ол үшін, әсіресе, балалар әдебиетіне көп көңіл бөлген маңызды. Ал ондай шығарма жазатын автор қат. Сондықтан құрылтай мүшелері балаларға арналған өлең-әңгіме жазатындарға төленетін қаламақыны көтеріп, тіпті, жеке заң қабылдауды ұсынды.
Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ Газеттері» ЖШС бас директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Балалар әдебиетінің авторларын табу өте қиын. Оларды ынталандыруға қаржы бөлініп жатыр. Бірақ бұл мәселеде болашақ авторларды дайындау қазіргі балалар басылымдары арқылы жүзеге асады. Ұлан, Балдырған, Ақжелкен, Дружные ребята секілді басылымдарға біз авторларды тартып, болашақ ақын-жазушыларды қалыптастыруымыз керек.
Кейінгі отыз жылда кітапхана ісі кенжелеп қалған. Мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Сондықтан Президент кітапхана ісін дамытуға баса мән беруді тапсырды. Әрі көптеген мемлекеттегідей Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек.
Көптің көңілі толмайтын мектеп оқулықтарының мәселесін айналып өтуге және болмайды.
Алма Шүкежанова, мұғалім, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Қазіргі жазылған оқулықтарда, біріншіден, жүйелілік жойылған, екіншіден, логикалық байланыс жоқ, үшіншіден, ол оқулықтарда дидактиканың негізгі принципі – қарапайымнан күрделіге өту деген принцип жойылған. Мысалы, математиканы алсақ, теореманы адамзат баяғыда ойлап шығарған. Енді оны қалай қолдану керек, қалай балаға түсінікті жасау керек ,оны тек қана мектепте жұмыс істеген мұғалім ғана біледі.
Мектеп қана емес, колледж бен университеттегі оқулықтардың да жайы мәз емес. Атыраудағы құрылтай алаңында бұл да талқыға салынды.
Кәрімбек Құрманәлі, ҚР ҰҒА академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі:
600 мыңнан астам студенттің 75 пайызы қазақ бөлімінде оқиды. Бірақ қазақша оқулықпен қамтылғандар саны 39 пайыз. Сонда 60 пайыздан астамы өзге тілде оқып жатыр деген сөз ғой. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдырамыз десек, жалпы ғылымды дамытамыз десек, ЖОО оқулықтары республикалық бюджеттен қаржыландыру керек.
Ел аумағындағы теңдессіз табиғи және тарихи мекендер елеусіз қалмауы керек. Былтыр Алтынемел саябағы мен Барсакелмес қорығы ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгені сияқты Үстірт қорығын да осындай номинацияға ұсынуды тапсырды Президент. Осы өңірлерде сақталып қалған жерасты мешіттері де дүниежүзілік мұралар тізіміне сұранып-ақ тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді.
Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп те бекер айтпайды. Айталық, Ешкіөлмес жотасы – Еуразиядағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларынан да тарихи суретті жиі кездестіруге болады. Алайда оны дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі деп түсініп жатқандар аз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн.
Мемлекет басшысы озық ұлт болу үшін халықты ұлы Абайға салып «бес нәрседен қашық болуға» шақырды. Президент атаған бес кесел – есірткі айналымы, лудомания, зорлық-зомбылық, вандализм мен ысырапшылдық.
Айман Омарова, заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Закладчик дейді де 16-18 жасар балаларды соттап жатыр. 10 жыл. Ол не? Тек қана ана жерден мына жерге апарамыз, доставка дейді. Ал ана анаша, героин қай жерде? Іздемей ме? Артынан барса, табады қай жерде екенін. Неге оны соттамайды?!
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Ойынхана бизнесі қатты дамып кеткен. Көптеген отбасылар осыған кіріп, тіпті зардап шегіп жатыр. Тіпті кейбір лудомандардың өздері ойынханаларды барып өртеп жатыр. Оны Бейнеуде болған жағдайды бүкіл халық біледі.
Президент халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін Үкіметке төрт инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруды да тапсырды. Біріншіден, қалалардағы 55 жылу орталығын толық жөндеп, ұзындығы 6,5 мың км болатын инженерлік жүйені жаңғырту керек деді. Сосын үй алуға 7 пайыздық жаңа ипотека бағдарламасын ашуды міндеттеді.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Бұл да, мен ойлаймын, халықты кезекте тұрған, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады деп. Бұл үлкен, халықтың ең көп көтеріп жүрген мәселесінің бірі. Өйткені қазір тұрғын үй кезегінде 647 мың адам тұр.
«12 мың шақырым жолды жөндеп, халыққа газ тартып беру де кезек күттірмейтін мәселелер. Әйтсе де мемлекет пен қоғамға қажет шаруамен үкімет қана айналысып қоймай, ұлттық буржуазия да атсалысуы керек» - деді Президент. Кәсіп жасап байыған адамдар елді алға жылжытатын драйверге айналуға тиіс дегенді меңзеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Яғни, елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек. Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ.
Данияр Қайыртай, тілші:
Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды да тізіп шықты. Ол – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Осы қосарланған алты құндылық ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі бағыт-бағдары бола алады деді мемлекет басшысы. Бұл, тіпті, идеологиялық тұжырымдама іспеттес. Былтырғы Құрылтайда жарияланған «Адал азамат» ұғымымен де үндесіп жатыр. Демек, жыл сайын елдің әр өңірінде өткізіліп жатқан құрылтай отырыстарында сабақтастықтық та бар. Ал ендігі жылы бұл жиын Көкшетауда ұйымдастырылмақ.