Оралдан 20-дан астам қазақ қызы қолына қару алып, майданға аттанған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдан 20-дан астам қазақ қызы қолына қару алып, майданға аттанған

07.03.2024

Оралдан тек Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанова емес, 20-дан астам қазақ қызы қолына қару алып, майданға аттанған. Мереке қарсаңында әріптесім Батыстың батыр қыздарының өмір дерегін тауып, кітап шығарған зерттеуші ғалым Бақтылы Боранбаевамен тілдесті. Тарихшының дерегінше, Батыс Қазақстан облысынан соғысқа қатысқан қыз-келіншектердің саны мыңнан асады.

Бұл - ғалым кітабының алғашқы кейіпкерлері. 40 жыл бұрын жауынгер аналар - Әзима Ниязғалиева мен Мүслима Үмбетованы Жымпитыға іздеп барады. Кездесіп, шәй ішіп, үйлеріне қона жатып, естелік әңгімелерін жазып алады. Бір ауылдан шыққан қос құрбы Қиыр Шығыс майданында байланысшы болған. Соғысқа аттанған өзге қыздардың да тағдыры осыған ұқсас. Бәрі де 18-19 жастағы қаршадай қыздар. Бәрі де соғысқа өз еркімен сұранып барған. Бірі әкесі, бірі ағасы үшін. Енді бірін намыс жетелеген. Дені - десантшы, пулеметші, ұшқыш, мерген, байланысшы, тіпті танкі тізгіндегені де бар.

Бақтылы Боранбаева, тарихшы ғалым, профессор:

Батыс Қазақстан облысының 20 қазақ қызы жөнінде материал жинақталып, 2015 жылы монографиялық еңбек шығарған болатынмын. Жалпы Қазақстан бойынша 6 мың қыз-келіншек соғысқа қатысқан деген мәлімет бар. Ал облыс бойынша менің ұзақ жылдар бойғы ғылыми ізденісімнің нәтижесінде 1000-1200 шамасында әйел соғысқа қатысқан.

Олар соғыста аштық пен жоқшылық, қан мен өлім көрсе де, өмірден баз кешпеген. Әйелдігін жоғалтпаған. Қарапайым өмір сүрген. Құрмет те сұрамаған. Тірі қалғандары түтін түтетіп, ұрпақ өрбітіп, еңбекке араласқан. Көбі жүз жасаған. Өжет, өр, жады мықты, сүйегі асыл жандар екен.

Бақтылы Боранбаева, тарихшы ғалым, профессор:

Өте мейірімді болды. Әскери жауынгер ретінде қаталдықты байқамадым. Өмір мен өлімнің арасында жүрсе де, өздерінің адами қасиеттерін жоғалтпаған. «Сен семья құрған жоқсың, сен жассың, мен өлуім керек, сен шегініп кет, мен қалайын» деген. Сонда шегіндірген жауынгер өзінен небәрі бір-екі-ақ жас кіші.

Тарихшы Бақтылы Боранбаева бұл тақырыпты студент кезінен бастап зерттеген. Қазір өзі Махамбет атындағы университетте дәріс оқиды. Оған дейін мектепте шәкірт тәрбиелеген.

Жаңабек Жақсығалиев, тарихшы ғалым:

Мектепте жұмыс істеген әріптестеріміздің университетке келгеннен кейін бір ерекшелігі болады. Оларда орта мектеп пен жоғары мектеп әдістемесінің бір симбиозы - қоспасы болады. Апамыз көп студенттермен әртүрлі шаралар өткізетін қасиетімен ерекше. Бақтылы Сансызбайқызы бір ыю-қию әңгімеден, пендешіліктен биік тұратын жақсы қасиетімен де сүйкімді.

Ғалымның Алаш қайраткері, ақын Ғұмар Қараш туралы, «Капустин Яр полигоны: Қазақ депортациясы» және өлкенің тарихи-мәдени ескерткіштері жайлы ғылыми еңбектері жарық көрді. Келешекте «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» жинағын толықтырып, кеңейтіп шығармақ.

Хабарламаларға жазылу