«Жат бауыр» телехикаясының екінші маусымы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жат бауыр» телехикаясының екінші маусымы басталады

04.03.2024

Бүгіннен бастап, «Qazaqstan» Ұлттық арнасы «Жат бауыр» телехикаясының екінші маусымын көрсетуді бастайды. Бұл сериал эфирге шыққаннан бері кең аудитория жинап, көрермендердің қызығушылығына ие болған. Теле туындыда қазіргі замандағы өзекті мәселе қамтылады. Ол ағайын-туыстың арасындағы қарым-қатынас. Себебі, бүгінде сананы тұрмыс билеген уақытта туыс-туғанның арасы алыстап бара жатқаны рас. Ал билік пен байлыққа таласқан Жомар пен Әлем бір ымыраға келе ме? Абысындар арасында ауызбіршілік табыла ма?

 «Жат бауыр» телехикаясы Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де танымал. Корпорация өндірген сериалдар 20-ға жуық шет елдің телеарналарына және онлайн платформаларына сатылды. Жалпы бөлімі 1000-нан асатын 50 телехикая өзге тілдерде көрсетілді.Мысалы, «Жат бауыр» сериалын Қытайдағы қандастарымыз сүйсініп көреді.

Еркін Нұрболатұлы

Бауыр сериясын интернет арқылы көрдік. Тамаша сериал. Екінші маусымы жақында шықпақшы екен. Өзіміздің жунголық актер Абылай қатысыпты. Тезірек шығуын асыға күтеміз.

Рас, Қытайда танымал актер Абылай Айдынұлы «Жат бауырдың» екінші маусымында Қастер атты кәсіпкердің рөлін сомдаған. Сценарий, түсірілім барысы және тұтас теле туынды көңілінен шыққан. Ол алдағы уақытта тағы да қазақстандық әріптестерімен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі.

Абылай Айдынұлы, актер:

Мен осы жунго елінде актерлік саласында істегеніме бірталай жыл болып қалды. Осы жолы Қазақстанның Жат бауыр екінші маусымына қатынасқаныма сондай қуаныштамын. Сіздерді де Жунгода қарсы аламын. Келіп, ойнаңыздар. Екі елдің ынтымағы жалғаса берсін. Кино саласындағы берекесі де ұзаққа шапсын деп ойлаймын.

Шығармашылық ұжым екінші маусымға екі есе дайындықпен келген. Сан алуан локация, шытырман оқиғалар, күрделі образдар және жаңартылған актерлік құрам бар. Бұдан бөлек, екінші маусымда көрермен кейіпкерлерді басқа қырынан танып, таңдануы тиіс.

Толқын Сейдоллақызы, «Жат бауыр» телехикаясының бас продюсері:

 «Жат бауыр» телехикаясында өмір бар, тағдыр бар, қуаныш бар, сатқындық бар, сағыныш бар, махаббат бар, достық бар. Жалпы отбасылық драма.

Жалпы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясында жыл сайын 160-180 бөлімге дейін 10-13 телехикая түсіріледі. Өткен жылы отандық телеарналарда көрсетілген TOP-10 телехикаяның 8-і «Qazaqstan» телеарнасының өнімі. Биыл 162 бөлімнен тұратын 12 телехикая түсіру жоспарланып отыр. Ал «Жат бауыр» телехикаясының екінші маусымы бүгіннен бастап, дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 21:25-те эфирден көрсетіледі.

Азамат Бейбітұлы.


Хабарламаларға жазылу