Бір жылда 102 адам сотталған: Білім саласындағы жемқорлықты қалай тоқтатамыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір жылда 102 адам сотталған: Білім саласындағы жемқорлықты қалай тоқтатамыз?

03.03.2024

Соңғы уақытта білім беру басқармаларындағы бухгалтерлер бірінен соң бірі ұсталып жатыр. Қаржы мониторингі агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес ауданы білім басқармасының бухгалтерлері 2021-2023 жылдар аралығында базаға жалған мәлімет енгізген деп отыр.

Мектептерде жұмыс істейтін адамдардың жеке идентификациялық нөмірлері мен карталық шоттары бухгалтерлердің таныстарының мәліметтеріне ауыстырылған. Мемлекетке келген шығын 400 млн теңге, сотқа дейінгі тергеу басталды, күдіктілер қамауға алынды, деген хабарлама таратты сілтеме жасап отырған агенттік.

Тақырыпқа орай былтыр Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас бухгалтері күдікке ілінгені еске түсті. Себебі «мынау таза емес» дегенге келтіріп, одан миллиард теңге және 14 пәтер анықталды деген мәлімет таратқан құзырлы органдар.

Жалпы білім басқармаларының бухгалтерияларында ақша ұрлай алмайтын жүйе жасауға болмай ма? Әнебір әнде ғана «сүйкімді» деп сипатталатын бухгалтерлерге қандай әдістер қолданады? Ақша жейтіндердің табиғаты, болмысы, бір-бірімен қалай ымыраласатыны туралы кино да көп емес...Кейбір сұрақтардың жауабын Серік Жұмабек іздеп көрді.

2023 жылы білім саласында 343 қылмыстық іс тіркеліп, 248 қызметкердің алаяқтық әрекеті әшкереленген. Келтірілген шығын 12.5 млрд теңге. Бір жылда 102 адам сотталған.

Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

Ең ірі жымқыру Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталған еді.

Аталған өңірлерде мектеп қаражатын жымқыру негізінен бір немесе бірнеше адамнан құралған қылмыстық топ арқылы жүзеге асып отырған.

Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

Көбінесе бұл қылмыстар бухгалтерлер мен мектеп директорлары, сонымен қатар аудандық және облыстық білім беру бөлімінің лауазымды тұлғалары болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары мектептерде қаражат жымқырудың тұрақты 5 түрлі тәсілін анықтаған. Мысалы...

Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласы орта мектебінің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Тергеу мәліметтері бойынша 8 жыл бойы ол өзінің банктік шотына жалақы түрінде ақша аударған. Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған. Бұл бүкіл мектептің жылдық еңбек ақы қорының 30 пайызын құрайды.

Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

Педагогтардың жалақы фондынан ақшаны «өлі жандарға», яғни нақты жұмыс жасамаған азаматтарға ақшаны аудару, сонымен қатар бекітілген жалақы нормасын жоғарылатып есептеу тәсілдермен ақша жымқырып жатыр.

Дархан Кулжанбеков, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Астана филиалының директоры:

Аванс төлей отырып, айдың соңында жалақыны толық берген. Айдың басында берген аванстар қайтарылмаған. Осындай деректерді де біз анықтадық.

Нұрсұлтан Орынбеков, заңгер:

Ақшаны жымқырудың ең негізгі тәсілінің бірі ол жалақы фондын үлкен қылып көрсетеді. Күнделікті айлығын алып жүрген адам ол күнделікті айлығын алғанға мәз болады да, ешқандай сұрақ туындамайды.

Соңғы 2 жылда бухгалтерлер арасында ең көп ақша жымқыру фактісі Жетісу облысында тіркелген еді. 23 есепші 4,6 млрд теңге ұрлаған деген күдік бар.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры:

Ең қызығы, ұстап жатқан кезде сол бухгалтердің қолында 2 млрд теңге қолма-қол ақша болды. Іс әлі сотқа барған жоқ. Неге, өйткені істе 750 том материал бар. Ол қазір танысу кезінде тұр.

Серік Жұмабек, тілші:

«Есепшілердің ақша жымқыруына 2000 жылдардағы ескі «Excel» бағдарламасы жол ашып отыр»,- дейді сарапшылар. Жүйе автоматтандырылмаған, ешқандай интеграция жоқ. Тәртіп бойынша есепшілер төлем құжаттарын әзірлеп болғаннан кейін бірден қазынашылық жүйеге жіберу керек. Алайда, олар алдымен оны өз компьютеріне жүктеп, сандарды қалағанынша өзгертеді екен.

Нұрсұлтан Орынбеков, заңгер:

Қадағаланбай қалған тұстарының бірі бухгалтерлік есеп жүйесінің ескілігі деп айтсақ болатын шығар. Оны бухгалтерлерде қолдар.

Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

Бухгалтерлік жүйелердің мемлекеттік органдардың дерекқор базаларымен және ақпараттық жүйелерімен интеграциясы болмаған деген тұжырымға келдік. Ең бастысы, бухгалтерлік есеп жүйелерінің қазынашылық жүйесімен байланысы болмағандықтан деп санаймыз.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры:

Мектепте 50 мұғалім бар. Бірақ, тізімде ол 70 мұғалім деп көрсетеді, сол 20 мұғалімді тығып қояды. Бірақ 20 мұғалімнің жалақысы жалпы суммада тұр. Тексеруші ашады, иә, 50 мұғалім көрсетілген, формуласы бар, автоматты түрде салынған болды. Бұл ақшаны бөледі. Білім бөлімінің бір қызметкері кейбір жағдайда 3-4 мың парақ «Excel» құжаттарын тексереді. Ол тексеру физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Сен қалай оны тексересің, 5-6 жыл отырасың ғой бір құжатпен.

Серік Жұмабек, тілші:

Яғни, аталған бағдарлама арқылы бухгалтер өзіне қажетті қаражатты жасырып жаза алады. Оны ешкім көрмейді. Ал жаңағы жалған 20 мұғалімнің жалақысын шешіп аларда өзінің немесе туыстарының, яки таныстарының банктік шотын жаза салады. Бір қызығы, біздің елде мектептердің банктегі есепшотын Антикор, Қаржы мониторинг агенттігі, салық органдары ашып тексере алмайды екен. Ол үшін бухгалтердің компьютерінен қарау керек. Сондықтан қазір төлем құжаттарына арнайы шифр енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

Егерде бухгалтер осы төлем құжатына негізсіз өзгерістер енгізетін болса, бұл шифр бұзылып, қазынашылық жүйесі оны қабылдамауы керек. Осындай мәселе қарастырылып жатыр. Бірінші тоқсанның аяғына дейін біздің үмітіміз бар, Қаржы министрлігі осы мәселені оңынан шешеді деп.

Саланы цифрландыру арқылы салалық байланысты жетілдіре отырып, жалған қызметкерлерді анықтауға да толық мүмкіндік бар. Ол үшін мектеп басшысының бет биометриясы бойынша төлем құжаттарына қол қою жүйесін енгізу керек.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры:

Жалған қызметкерлерді тоқтату үшін бір ғана тәсіл бар. Ол Face ID орнату. Егер, қазір Қазақстанның барлық мектебінде осындай Face ID енгізілсе, менің болжамым 20 пайыз мұғалім жұмыстан шығады. Өйткені, ол жалған мұғалімдер.

Мамандар елдегі барлық 8000 мектепті Face ID құрылғысымен жабдықтау үшін 5 млрд теңге жеткілікті екенін айтады. Соңғы бір жылда 13 млрд-тан астам қаржы жымқырылғанын ескерсек, бұл тым көп ақша емес. Бірақ осы ұсыныс жарты жылдан бері айтылса да әлі қолдау таппаған. Оған білім саласындағы қаржы мәселесіне оқу ағарту министрлігінің мүлде араласпауы себеп болса керек. Өйткені мектеп бюджеті жергілікті атқарушы органдардан алынады

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры:

Бірақ біз облыстарға тек ұсыныс ретінде бере аламыз. Өйткені ақша олардікі емес, ең қызық жағдай осында. Оқу ағарту министрі Ғани мырза түсінеді. Бірақ нақты бұйрық беріп, ақша бөліңдер деп айта алмайды. Өйткені қаражат әкімшілікте.

Мүдделі топтардың жолын кесіп, жемқорлықты болдырмас үшін қазір мектептерінде бақылау күшейген. Цифрлы құрылғылар қазірге жоқ. Бірақ қолда бар мүмкіндікпен нақты жоспар бекіткен өңірлер де жоқ емес

Артур Әуезов, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бухгалтерлердің, ең біріншіден, жалақысын өсіру мәселесін қарастырып жатырмыз. Жалақыларын өсіргеннен кейін бухгалтерлерді орталықтандырылған жүйеге ауыстырып және сол мектеп ғимаратынан алып, арнайы бір ғимаратқа шоғырландырамыз.

Кейде мектеп басшысы мықты болса, есепші ақша жымқыра алмас еді деп ойлайсыз. Бірақ білім басқармасының қызметкерін жалған мұғалім ретінде тіркеп, жалақы алуына септескен директордан не күтуге болады. Дәрменсіздік пе? Жоқ, жең ішінен жалғасқан жемқорлықтың белгісі ме?

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры:

Кейбір директорлар бухгалтерияда не бар не жоқ екенін білмейді. Өзінің цифрлық кілті қайда, кімде, флешкасы қайда екендігін білмейді. Кім ашты, кім жапты, кім аударды, ешкім оны қадағаламайды. Өзімнің жеке пікірім бұл жағдай 70 пайыз директорлар білмейді. Өйткені директорда қаржы жағына уақыты жетпейді және білімі жетпейді.

Санжар Боқаев, қоғам белсендісі:

Кез-келген бюджеттен бөлінген 1 теңгеге дейін қадағалауға болады негізі. Тек оны ешкім қадағалағысы келмейді. Өйткені бәріне сондай жүйе ыңғайлы болып тұр.

Сала мамандары егер жемқорлық фактілерін байқаған жағдайда 1424 нөміріне хабарласуға, болмаса «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігіне шағымдануға болатынын айтады. Белсенді мектеп мұғалімдерінің айтуымен көптеген жемқорлық фактілері анықтаған.

Дархан Кулжанбеков, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Астана филиалының директоры:

Бұл ақпараттардың бәрі мектептің ішінде жүрген мұғалімдер ұстаздар. Өйткені заң бұзушылықты көреді, күнде орын алып жатады, шыдамы таусылып, біздің әділдік жолына жүгінген болатын.

Серік Жұмабек, тілші:

Көп жағдайда жалақысынан 100, 200, тіпті, 2000 теңге ұстап қалса да, мән бермейтін азаматтар бар. Бұл да бухгалтерлердің жасап отырған алаяқтығы шығар дейді мамандар. Сол үшін де айлыққа қатысты әр тиынға мұқият болған жөн деп санайды. Жалпы, оқу-ағарту саласындағы жемқорлықтың асқынуы – біздің елдік мақсат-мұратымыздың күл-талқанын шығаратын түрі бар. Ондай жүйемен көктеп, көгереміз дегеннің бәрі бекер.


Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу