Сыбайлас жемқорлықты жоюдың орнына процесті бюрократияландыру жүріп жатыр - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыбайлас жемқорлықты жоюдың орнына процесті бюрократияландыру жүріп жатыр - Президент

01.02.2022

Шенділерді жоғары қызметке тағайындау кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасы талап етілуі керек. Бүгін Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы кеңес өткізген Мемлекет басшысы осындай ережені бекітуді ұсынды. Лауазымды тұлғалардың қызметтік жолы таза болуы шарт. Президент кеден саласындағы бірқатар былықтардың да бетін ашты. Қытаймен сауда-саттық та екі елдің статистикасы екі түрлі. Айырмашылық миллион емес миллиардтаған доллар. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы жемқорлықты да сынға алды. Министрлік пен әкімдер жауап беруі керек деді.

Жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі. Президент бұл мәселені жеке қадағалауына алған сыңайлы. Себебі қазына миллиардтаған ақшасынан қағылып отыр. Мәселен агро саладағы субсидияны көп шенді май-шелпек деп қабылдап келген. Әйтпесе 5 жылда 2 триллион теңге бөлінді. Бірақ нәтиже жоқ. Былтыр қуаңшылық кезінде мыңдаған шаруаның қиналғаны соған дәлел. Есесіне салада 960 қылмыстық іс тіркеліп, 450 адам жауапкершілікке тартылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды.

Ал шаруалар мен диқандарға нақты не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған көрінеді. Бастысы жоғарыға есеп беру. Бұл жерде де заттардың бағасы қымбат көрсетіліп, миллиондар жекенің қалтасына кетіп отырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек. 

Президент салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне арнайы тоқталды. Кеденде қылмыстық топтар құрылып, түрлі қитұрқылыққа барған. Мәселен алып көршіміз Қытаймен саудада келеңсіздіктер көп. Сауда-саттықтың көлемін біздің ел басқаша, олар басқаша көрсетіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмады. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. 

Агенттік Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтаған. Елімізде мұндай 49 бекет бар. Ал осы заңсыздықтарға ықпалды адамдардың қатысы бары анық. Кесірінен еліміз транзиттік әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Халықаралық тасымалдаушылар Қазақстанды айналып өткенді жөн көреді. Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселесіне де арнайы тоқталды. Мемлекеттік құрылымдар әзірлеген барлық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Цифрландыру жөніндегі жұмыстардың басымдықтары нақты жүйеленуі керек. Мемлекет қызмет түрлерін алуды шынайы түрде жеңілдететін «Электронды үкімет» немесе жүргізушілердің жол жүру тәртібін күшейткен және жол ережелерінің бұзылуын тіркеуде адами факторды алмастырған «Сергек» сияқты жобалар болса, онда жөн. Сонымен қатар егер цифрландыру деген желеумен бюджеттен қаржы жұмсалып, кейін ешкімге қажеті жоқ ресурстарға көрсетілген қызмет үшін біреулер миллиондап алатын болса, онда әңгіме басқа.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың жүйесін тұтас қайта қарауды тапсырды. Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, техникасы жеткілікті, білікті жұмысшылары бар, салықты уақтылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «ҚазАвтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. 

Президент баға мәселесін де көтерді. Көп кәсіпкерлер теміржол саласын жайлаған жемқорлыққа шағымданады. Монополистер тасымалдау қызметіне негізсіз, қымбат ақы белгілеп қойған. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына сөзсіз әсер етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Мен бір жыл бұрын Бәсекелестікті қорғау агенттігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды тапсырдым. Бірақ, «Баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалды. Кейбір адамдардың тұтынушы мен кәсіпкердің есебінен ғана пайда тауып отыруы дұрыс емес. Президент Әкімшілігіне бұл мәселені бақылауға алуды тапсырамын.

Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау. Осы салалар енді Анткиордың жіті назарында болады. Себебі президент осы бағыттағы жемқорлық мәселесін шұғыл түрде шешуді тапсырды.

Шерхан Жамбылұлы 


Хабарламаларға жазылу