Жүк көліктері кедендік бақылау аймағында қаңтарылып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүк көліктері кедендік бақылау аймағында қаңтарылып тұр

24.02.2024

Қызылордада кәсіпкерлер Литва елінен әкелген жүктерін екі аптадан бері кедендік бақылау аймағынан ала алмай жүр. Кедендік рәсім созылып, ескі көліктердің қосалқы бөлшектеріне артық баға қойылған. Шет елден ұзақ жол жүріп келген жүргізушілердің шыдамы таусылып, жүк көліктерін кедендік бақылау аймағына тастап кеткен. Кәсіпкерлер құзырлы мекеме мамандарының көзінше сырттан әкелген заттардың ескі қосалқы бөлшектер екенін көрсетіп, таспаға түсірді.

Жалладин Файзиев, кәсіпкер:

Қазір екі апта болды қиналып 5 есе көтеріп жіберді бағасын. Осындай шіріген заттарға сондай баға қойып, қинап жатыр бізді. Қызылорданың кедені Астана істеп жатыр дейді. Сұрай алмай отырмыз Астанадан неге мұндай баға беріп жатыр деп. Жаңа заттың бағасын қойып жатыр.

Бүгінде өңірге Балтық елдерінен келген 40-қа жуық жүк көлігі кедендік рәсімді күтіп қаңтарылып тұр. Салаға жауапты жергілікті мамандар барлық процесті Астана қаласындағы арнайы орталық жүргізеді деп жауап қатты. Ал мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері кедендегі бұл жағдайға тұспалдап жауап берді.

Абай Сырым, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің бөлім басшысы:

Кейбір жағдайда ол декларацияның шығуы тежелуі мүмкін. Оның себептері біріншісі кедендік жіті тексеру тағайындалуы мүмкін. Одан бөлек, кедендік сараптама тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар жолданған есептемені уақытылы жауап бермеуі мүмкін.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу