Қатарлық инвесторлар Tele 2 және Altel брендтерін сатып алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатарлық инвесторлар Tele 2 және Altel брендтерін сатып алады

15.02.2024

Қатарлық инвесторлар Қашағанда екі газ өңдеу зауытын салады, Теле2 және Алтел брендтерін сатып алады, Астана маңында бидайды терең өңдейтін зауыт құрылысын бастайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға мемлекеттік сапары аясында өткен инвестициялық дөңгелек үстелден кейін осындай жобаларды көздейтін коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Құжаттардың жалпы инвестициялық құны – 18 млрд доллар. Таяу Шығыстағы араб елінің кәсіпкерлерімен бұрын-соңды мұндай байланыс болмаған. Инвестициялық жобалардың мәнін Дохада жұмыс істеп жүрген тілшіміз Данияр Қайыртай түсіндіреді.
 
Данияр Қайыртай, тілші:

Мұнда қазір қазақ-қатар инвестициялық форумына қызу дайындық жүріп жатыр. Жиыннан кейін қаржы, энергетика, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты мына тұрған 5 түрлі коммерциялық құжатқа қол қойылады.
Елдің әмірімен және үкімет басшысымен келіссөзде Қазақстанда Қатар қаражатына қызығушылық барын айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту жайын пысықтау үшін жергілікті бизнесмендермен үлкен дөңгелек үстелде бас қосқан. Мемлекет басшысы оларды елдегі ауқымды саяси реформалар мен жаңа экономикалық бағдарымыздан құлағдар етті.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жуырда құрылған Инвестициялық кеңес шұғыл шешім қабылдау және жан-жақты мемлекеттік қолдау арқылы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ықпал жасайды. Қатар компанияларын бизнес жүргізу үшін тың мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстан нарығына инвестиция салуға шақырамыз.
Ал мемлекет шетелдік инвесторға салық пен кеден жеңілдіктерін ұсынады. Қажет болса, жобаларға бірлесе қаржы салады. Тіпті қандай да бір кепілдік беріп, экспортқа шығу тетіктерін қарастыруға әзір. Тек қатарлықтардан іскерлік белсенділік жетіспейді. Сол үшін, президент, қазақ-қатар бірлескен комиссиясы мен Іскерлік кеңес сияқты шала-жансар ұйымдарды «тірілту» ұсынды. Әрі кәсіпкерлердің назарын Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытынан немесе Орта дәліздің дамуынан зор үміт күтеміз. Қатар компаниялары мен қаржы институттары осы саладағы бизнес пен инвестиция мүмкіндіктерін қарастыру арқылы қомақты пайда табады деп санаймыз.
Мұны Қатардың қалталы азаматтары да жақсы түсінеді,-дейді сарапшы.
 
Жанат Момынқұлов, шығыстанушы:

Қазақстанды логистикалық хаб ретінде көріп отыр. Қатар үшін Қытайға, Ресейге шығатын жол, сауданы арттыру үшін маңызды болып отыр. ОА мемлекеттері үшін де Қатар жақсы бір шығыс болатын түрі бар, өйткені ОА-ға қазір халқының әл-ауқатын көтеру, инвестицияны сырттан тарту керек болып тұр.
Қазақстан мұнай мен газ қорын барлау үшін де инвесторларға жол ашып беруге дайын. Әсіресе, геологиялық барлау, мұнай химиясы, шикізат тасымалы және өңдеу жобаларына Қатар компанияларын тартқысы келеді. Алғашқы коммерциялық келісімдерге қол жеткізілді де.

Санжар Жәркешов, «Qazaqgaz» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

Төрт жобаның бірі – Ақтөбе-Қостанай магистралды газ құбыры. Бұл құбырдың мақсаты – осы өңірлердегі халықты газбен қамтамасыз ету. Екіншісі – мегажоба. Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбырының екінші тармағы. Үшінші және төртінші жоба – ол Қашағанда екі газ өңдеу зауыттары.
Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлеуеті – 1 трлн киловатт. Сондықтан бұл нарық әлемдік компаниялардың ықыласын оятып отыр. Қазір олар жалпы 43 гигаватт қуат өндіретін жобаны қолға алған.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Небрас Пауэр компаниясымен Абай облысында 350 мВт қуаттылығымен гидроэлектростанция саламыз. Бұл жоба көмірсутек бейтараптығына тиісті үлес қосады деп ойлаймыз.
Ал аграрлық саладағы серіктестікке екі ел де мүдделі. Қазақ жерінің 70 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды. Орталық Азиядағы астықты өлке. Аграрлық өнімдерімізді әлемнің 80-нен астам елі импорттайды. Қатар нарығына да табиғи, таза әрі халал өнімдер жеткізуге ниет бар. Осы саладағы жобаларға қаражат салғысы келетін инвесторларға да есік ашық.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Бидайды терең өңдеу, горохты терең өңдеу зауыты салынатын болады. Бұдан аламыз, клейковина, крахмал, глюкоза, фруктоза сиробын аламыз. Оның барлығын Америкаға экспорттауға сұраныс бар. Қытайға сұраныс бар.
Енді бір бағыт – телекоммуникация. Қатардың осы салаға бейімделген холдингі «Қазақтелекомға» тиесілі Теле2 және Алтел брендтерін сатып алмақ. Осылайша олар Қазақстан нарығында негізгі ойыншылардың біріне айналады. Жиыннан соң жалпы инвестициялық құны 18 млрд долларға жуықтайтын түрлі коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Президент Қатар Кәсіпкерлерімен Кездесті

Дөңгелек үстелден кейін Президент Al Faisal Holding компаниясы басшысымен кездесіп, құрылыс және туризм салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Әрі Астанада айрықша ғимарат салуға ұсыныс жасады. Ал әлемде ең ірі дербес қор саналатын Qatar Investment Authority компаниясының директорымен келіссөзде қаржы нарығындағы ықпалдастық әлеуеті пысықталды. Тағы бір кездесу Қазақстандағы бірнеше инвестициялық жобаға қатысушы Power International Holding компаниясының иелерімен өтті. Бұдан соң Nebras Power компаниясының басшысымен энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу