Қазақстан алғаш рет «Орта державалар» тізіміне енді. Бұл туралы Германияның «Ғылым және саясат қоры» ғылыми-талдау орталығы өзінің арнайы мақалалар жинағында жариялады.Тізімге елімізден бөлек Түркия, Израиль және Үндістан сияқты мемлекеттер кірген. Бұған не ықпал етті? Жалпы, орта держава атағы елімізге не береді? Тілшіміз, зерттеп көрді.
Үндістан, Түркия және Израиль. Осы аталған елдермен қатарласа Қазақстан да алғаш рет «Орта держава» тізіміне енді. Бұған не ықпал етті?!
Әсел Назарбетова, саясаттанушы:
Бұл мемлекеттерді біріктіретін үш негізгі ретерий бойынша қарастырған: Біріншісі экономикалық дамуы, екінші сол мемлекеттердегі тұрақтылық пен қауіпсіздік деңгейі. Үшіншіден бұл мемлекеттердің автономиялық дербестікке ұмтылысы. Осы үші сипаттама бойына Қазақстан «орта державалардың» қатарына қосылды.
Тізімге Мысыр, Сауд Арабиясы, Бразилия, Мексиканы қосқанда барлығы 12 ел енді. Олардың басын түйістірген мақалалар жинағы «Орта державалар – халықаралық саясаттағы актерлер» деп аталады. Германиядағы "Ғылым және саясат қоры" ғылыми сараптамалық орталығы мамандарының пікірінше, «Қазақстан - Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзінің сыртқы саясатымен ерекшеленеді. Бұл оны аймақтағы негізгі ойыншыға айналдырады». Қазақстан өз амбициясын ерте кезеңде халықаралық саясатта жүзеге асыра алғанын қор сарапшылары мойындады. Мысалы, Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті және Сирия қақтығысында келіссөздер алаңын ұсынды.
Төлеутай Сүлейменов, мемлекет қайраткері, дипломат:
Біздің сыртқы саясатымыз ең алдымен көпвекторлы саясат дейміз ғой. Біз қазір Еуропамен де, Азиямен де, Ресей, Қытай, АҚШ,Ұлыбритания және Германиямен қарым-қатынасымыз жаман емес. Соның арқасында біздің тауар айналымымыз жалпы ішкі өніміміз өсіп жатыр.
Ал, елдегі кейбір басылымдар: «Ғылым және саясат қорының» мақаласы еуропалықтарға өзгеріс туралы сигнал береді: енді олар бұрын стратегиялық қашықта болған елдермен де санасуға мәжбүр болады, дейді. Қазақстан жаңа экономикалық және саяси әріптес ретінде ғана емес, инвестициялар үшін алаң ретінде де жиі байқалады деп болжам жасады. Экономистер де бұл пікірмен келіседі.
Айбар Олжай, экономист:
Ресей түгел санкцияға ұшырағаннан кейін Еуропадағы біздің маңызымыз арта түсті. Себебі осы аймақта байланыс орнататын компетеция орталығы керек. Ол позицияға Қазақстан басқаларға қарағанда анағұрлым лайық. Бізде газ көп емес, мұнай бар. Каспий аумағында жасыл сутегі өндірілуі мүмкін. Осындай энергетикалық жобалар үлкен рөл ойнайды.
Расымен де Германия қазір сутегі бойынша әріптестік орнатудың жолын қарастыруда. Айта кету Еуропалық одақ Қазақстандағы ең ірі инвестор және сыртқы сауданың 40% үлесімен маңызды экономикалық серіктесі. Сондай-ақ еліміз «Шығыс пен Батыс арасындағы көпір» рөлін атқарады. Сондықтан Орталық Азиядағы инвестиция құюға ең тиімді мемлекет ретінде әлемге танылып отыр.