Ақтөбе облысында 3-4 тәуліктен бері тұрған жүргізушілер сапарларын жалғастыра бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 3-4 тәуліктен бері тұрған жүргізушілер сапарларын жалғастыра бастады

10.02.2024

Ақмолалық полицейлер көктайғақтың салдарынан орындарынан қозғала алмай тұрған он жүк көлігіне бірнеше сағат бойы көмек көрсетті. Ал Ақтөбе облысында 3-4 тәуліктен бері жолда қаңтарылып тұрған көліктер сапарларын жалғастыра бастады. Алайда, әзірге тек жеңіл көліктердің жүруіне рұқсат. Өңірдегі 8 елдімекеннің 549 абоненті әлі жарықсыз отыр. Аймақтардағы ахуалды Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жолда қалғандарды құтқаруға Төтенше жағдайлар министрлігінің 209 82 әскери бөлімінің жеке құрамы да келді. Ақтөбе мен Хромтау аралығында жолды қардан тазалау үшін көрші облыстардан қосымша техникалар шақыртуға тура келген. Қазірге дейін 300-ге жуық көлік қар құрсауынан шығарылды. Жұмыстың кешеуілдеуіне жолдың екі қатарына да қалдырылған ірі габаритті техникалар кедергі келтіріп жатыр. Ақтөбе, Хромтау қалалары мен Әйтеке би ауданының аумағында 2 700 шамасында жүк көлігі тұр. Бүгін өңірде күн шайдай ашық. Жол қардан аршылған соң, жүк көліктерінің де қозғалысына рұқсат беріледі. Бірақ, жауаптылар оның нақты мерзімін айтпады. Әзірге тек жеңіл көліктер ғана өтіп жатыр.

Жамбыл Нұралиев, патрульдік полиция рота командирінің орынбасары:

Самара-Шымкент тас жолында Хромтау-Ақтөбе бағытына 350 көлік сүйемелдеу арқылы жеткізілді. Бұл екі арадағы Сүйемелдеу жұмыстары әлі де жалғасады.

Жүргізушілер мен жолаушыларға сол маңдағы ауыл тұрғындары да көмекке келіп жатыр. Мәселен, Бөгетсай ауылының тұрғындары бірнеше қой сойып, ас берді. Полицейлер мен құтқарушылардан бөлек, медицина қызметкерлеріне де елдің алғысы зор. Хромтау қаласында жүрегі ауырып, қысылып жатқан науқасқа жету үшін жедел жәрдем қызметкерлері омбы қар үстімен тізерлеп жүріп жеткен. Олардың өз істеріне деген жауапкершілігін Денсаулық сақтау министрінің өзі атап өткен еді. Ал, облыс басшылығы арнайы барып, марапаттады.

Бауыржан Құдияров, фельдшер:

Жарты сағат, бір сағат жолымыз бар. Жел бар, боран, дым көрінбейді. Тау болып жатқан қарымыз бар. Одан асып түсіп, ары қарай жетіп, науқасқа медициналық көмек көрсетіп, аман-есен қайттық.

Ақмола облысындағы Жақсы-Есіл-Бұзылық тас жолында автогрейдер және жүк тиегіш көлік жол жиегіне түсіп кеткен. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының экипажы келді. Құтқару операциясын жүргізу кезінде 10 автокөліктен тұратын ауыр жүк колоннасы тоқтатылған болатын. Алайда, олар көктайғақтың салдарынан орнынан қозғала алмады. Полицейлер әр жүк көлігінің астына құм сеуіп, арнайы техниканың көмегімен көлік құралдарын біртіндеп жолға шығарды. Құтқару операциясы үш сағатқа жалғасты.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу